Кореяда карантин жеңілдетіледі

Кореяда халықтың 70 проценті ковид 19-ға қарсы вакциналанған. Осыған байланысты ел билігі 1 қарашадан бастап карантин талаптарын жеңілдетпекші. Бұл қай салаларға қатысты болмақ?

Оңтүстік кореялықтар үшін ең маңызды өзгеріс - дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс уақыты ұзартылады. Осы күнге дейін Сеулдегі ойын-сауық орындарына түнгі сағат онға дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етілді. Ал енді олар қараша айынан бастап түн ортасына дейін, ал кейінірек тәулік бойы ашық болады. Бірақ келушілер вакцина құжатын немесе коронавирусқа теріс нәтиже тестін көрсетуі керек. Кинотеатрлар мен спортзалдар да дәл осылай жұмыс істейді. Спорттық шараларға да қатысуға болады. Бірақ стадион 30 процентке, ал баскетбол және волейбол алаңдары 20 процентке ғана толы болуы шарт. Медициналық себептермен екпе алмағандар және 18 жасқа толмаған тұрғындар вакцина құжатын және тест көрсету міндетінен босатылады. 

Сон Ен Рэ, Төтенше жағдайлар және апаттарға қарсы штабының өкілі:

- Әлеуметтік арақашықтық шектеулері әр алты апта сайын, үш кезеңмен жеңілдетіледі. Бірінші кезең 1 қарашадан бастап, бизнеске қойылған шектеулерді жеңілдетуге, екінші кезең ауқымды іс-шаралар өткізуге, үшінші кезең бұқаралық жиындарға қойылған шектеулерді алып тастауға бағытталған.

Желтоқсан айында карантиндік шектеулерді жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Осы кезеңде спорт нысандарындағы орындарды 75 процентке дейін толтыруға болады. Ал үйлену тойына екпе алған немесе алмағанына қарамастан 100-ге дейін қонақ келе алады. 500 адамдық іс-шараларды өткізуге қатысушылар тек теріс ПТР тест нәтижесін көрсеткен жағдайда рұқсат етіледі.

Чон Ын Ген, Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының басшысы:

- Вирус екпе алмағандар үшін қауіпті, тіпті соңы өлімге әкелуі мүмкін. Біз COVID-19-ды жоя алмаймыз, індетпен бірге өмір сүрудің жолын табуымыз керек. Біз ауыр науқастарға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін өзгертеміз. Симптомдары жоқ және жеңіл түрде ауырған науқастарға үйде көмек көрсетуді кеңейтіп, медициналық ресурстарды пайдалануды арттырамыз.

Қазір кафеде, мейрамханада және басқа да қоғамдық орындарда 8 адамға дейін жиналуға рұқсат етілген. Бірақ олардың төртеуі толық екпе алған болуы тиіс.

Владислав Цой, тілші:

- Алайда бетперде тағу ережесі сақталады. Ғимараттар ішінде де, сыртта жүргенде де оны тағу керек. Желтоқсан айында билік көшеде бетпердесіз жүру мәселесін қарастыруды көздеп отыр. Үкіметтің жоспары бойынша келер жылдың ақпан айына дейін Корея қалыпты тіршілікке оралуы мүмкін. 

Владислав Цой, Ольга Лян