Миграциялық ахуал: Панамада қыз-келіншекке қатысты зорлық деректері көбейді

Әлемде миграциялық ахуал күннен күнге нашарлап барады. Бұған, әсіресе, күздің қара суығы да әсер етіп отыр. Мәселен, босқын мәртебесін алу үшін Мексикада мыңдаған келімсек ел астанасы Мехикоға қарай бара жатыр. Ал Беларусь-Польша шекарасында жиналғандар қыста далада қаламыз деп қорқады. Барар жері, басар тауы қалмаған жандардың қайғысын өз мүддесіне жаратуға тырысып жатқандар да кездеседі. Испанияда адам тасымалымен заңсыз айналысқан топ ұсталды.

Панамаға ағылған босқындардың басындағы жағдай тіптен сорақы. Колумбия арқылы келген мыңға жуық босқын қыз-келіншекке қатысты зорлық деректері көбейген. Бұл мәліметті тергеуге кіріскен панамалық заңгерлер растап отыр.

Зулай Родригес, заңгер:

– Арам ойлы қаскүнемдерге бәрібір. Олар 20-30 жастағы қыз-келіншектерді отбасының, күйеуінің көзінше қорлаған. Бұдан бөлек анасының көз алдында 8 және 14 жастағы қыздарына зәбір көрсеткен. Осындай сұмдықтан кейін кімнің өмір сүргісі келеді?!

Панамаға биыл 107 мың мигрант келген. Арасында Гаити тұрғындары көп. Кейбір босқындар шекарадан өткіземіз деген алаяқтарға 1500 доллар беріп, сан соғып қалғанын айтады. Мигранттар тұрақтаған лагерьде зорлық-зомбылықтан басқа ұрлық-қарлық, тіпті кісі өлтіру жиілеген. Панама билігі алдағы айларда тағы 50 мың босқын келуі мүмкін деп қамданып жатыр.

МИГРАНТТАР СУЫҚТА ШЕКАРА АСУҒА МӘЖБҮР

Демі қысылып, жан дауысы шығып жатқан бұл әйел – мыңдаған мигранттың бірі. Босқындардың дені –  Ауғанстан, Таяу Шығыс және Африка азаматтары. Олар көздеген жеріне жету үшін басын қатерге тігуге мәжбүр. Мәселен, 16 жастағы Сомали азаматы Беларусь арқылы Польшаға жаяу жетем деп, аяғынан айырыла жаздады.

Дәуіт Мұхаммед, Сомали мигранты:

– Өзеннің суын кешіп жүргенде, аяқ киімімді жоғалтып алдым. Содан 15 күннен бері жалаңаяқ келе жатырмын.

Польша билігінің хабарлауынша, қазір Беларусь шекарасынан күніне 500 мигрант өтеді. Тамыздан бері олардың саны 15 мыңнан асқан. Денесін үсік шалып, басқа да жарақаттар алғандарын жедел жәрдем ауруханаға әкетіп жатыр. Еуропалық Одақ  Беларусь билігін мигранттар нөпірін әдейі шектемей, «кәрі құрлыққа» қарай өткізіп жатыр деп айыптады. Еске салайық, одақ бұл елге адам құқықтарының бұзылуына байланысты санкциялар салған. 

Ибраһим, Сомали мигранты:

– Бізді шекарадан мүлде өткізбейді. Мені 7 рет кері қайтарды. Күн қатты суық.

ИСПАНИЯДА ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҰСТАЛДЫ

Испанияда  мигранттарды Францияға заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті. Олар соңғы 2 айда 60-қа жуық операцияны іске асырған.  Топ мүшелері Францияның Байонна және Бордо қалаларына 3-4 босқыннан жіберіп отырған. Мигранттардың көбі - Солтүстік және Батыс Африка тұрғындары.

МИГРАНТТАР ЕЛ АСТАНАСЫНА БАРА ЖАТЫР

Гаити, Оңтүстік және Орталық Америкадан Мексиканың оңтүстігіне жиналған 3 мыңға жуық мигрант Мехикоға бара жатыр. Олар босқын мәртебесін беруді талап етпек. Сосын әрі қарай АҚШ-қа өткісі келеді.

Еске салайық, Америка Мексикамен арадағы шекараны жақында ғана ашқан.

КОЛУМБИЯ БОСҚЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН

Колумбия билігі де мигранттар нөпірін қабылдауға дайындалып жатыр. Өйткені көршілес Венесуэла пандемияға байланысты 14 ай бұрын жапқан шекарасын осы айда ашады. Екі елдің арасындағы шекараның ұзындығы 2200 шақырымнан асады. Экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған Венесуэладан 1 миллион 800 мың адам босқынға айналған. Олардың 35 проценттен астамы – балалар.