Ресейде коронавирус өршіп тұр

Өткен тәулікте 1 мың 106 науқас осы кеселден көз жұмған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш. Ал вирус жұқтырғандардың саны – 36 мың 446. Эпидахуалдың ушығуынан аймақтағы ауруханаларда бос орын тапшы. Жансақтау бөлімдерінде де хал үстінде жатқандар көп. Дәрігерлер биылғы жағдай өткен жылмен салыстырғанда әлде қайда күрделі дейді.

Роман Миронов, дәрігер:

- Ауруханалар науқастарға лық толы. Дімкәс жандардың 99 проценті – коронавирусқа қарсы вакцина қабылдамағандар. Қазір 540 орынның 490-ы бос емес. Жансақтау бөлімінде 50 науқас жатыр.

Украинадағы ахуал да мәз емес. Ауруы асқынғандардың арасында жастар көп. Дәрігерлер болса қолданылып жатқан дәрі-дәрмектер көмектеспей жатқанын айтады. Украинаның денсаулық сақтау министрлігі сенбі күні ковид диагнозы қойылған 734 адамның жан тапсырып, рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлайды. Жергілікті билік көптеген өңірді «қызыл» түсті аймаққа жатқызып, санитарлық шектеу шараларды күшейтті.

Айта кетейік, 41 млн халқы бар елде шамамен 7 млн адам ғана бұл індетке қарсы егілген. Бүгінде мұғалімдер мен кей мемлекеттік қызметкерлерге вакцина салдыру міндеттеліп отыр.

Татьяна Михайлевская, дәрігер:

- Соңғы кездері науқастар саны артып кетті. Әсіресе жастар көп. Әдетте ем-домға қолданатын дәрілер еш нәтиже бермей жатыр. Жағдай қиындап барады.

Ақтауда бір күнде екі көлік өртенді. Оқыс оқиға «Толқын 2» және «Ақтау» шағын ауданында болған. Бірінші автомобильдің іші ал, екіншісінің қозғалтқыш тұратын бөлігі тұтанған. Шақырту орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер алаулаған отты өшірді. Аталған жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ.