Бельгияда шектеу шаралары күшейді

Бельгияда эпидемиологиялық ахуал ушығып, шектеу шаралары қатаңдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптада тәулігіне орта есеппен 5 мың 300 адам коронавирус жұқтырған. Осыған орай билік ел аумағы бойынша міндетті маска тағу режимін қайтарды. Сонымен қатар тұрғындар қазанның 29-ынан бастап қоғамдық тамақтану орындары, спорттық және мәдени ғимараттарға кірер алдында міндетті түрде ковид төлқұжатын көрсетуі тиіс. Кәсіпорындар мен компания қызметкерлерінің басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуі керек. Елде 3 айға төтенше жағдай жарияланды.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Ғимарат ішін үнемі желдетіп тұру керек. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, жұмысқа шықпай, тест тапсырғандарыңыз жөн. Вирус өршіп тұрғандықтан бір жерде егде жастағы тұрғындар мен балалардың жиналуына болмайды. Айналамыздағы адамдарға қамқорлық танытуымыз керек. Індеттен тек вакцина арқылы қорғана аламыз. Екпе инфекциядан 70 пайыз қорғайды. Сонымен қатар аурудың жеңіл түрде өтуіне септігін тигізеді. Сондықтан 65 жастан асқан азаматтар вакцинаның үшінші дозасын алғаны абзал.