Британияда жанармай едәуір қымбаттады

Ұлыбританияда жанармай бағасы бұрын-сонды болмаған деңгейге жетті. Қазір елде бір литр бензиннің орташа құны 142,94 пенсті, яғни шамамен 850 теңгені құрады. Бұл 2012 жылдың сәуірінен бергі рекордтық көрсеткіш. Сарапшылар баға әлі де өседі деп болжап отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бүгінде отбасылық автокөлікке жанармай құю алдыңғы жылға қарағанда он бес стерлинг фунтына қымбатырақ. «Корольдік автомобиль клубы» қауымдастығының мәліметінше, этилдендірілмеген бензиннің бір литрінің бағасы өткен жылдың қазан айынан бастап, жиырма сегіз пенске қымбаттаған. 

Демек, қазір отбасылық көлікті жанармаймен толтыру үшін 78,61 стерлинг фунтын төлеу керек. Бұл әлбетте қарапайым тұрғындар қалтасына  салмақ салып, жалпы экономикаға әсер етпек. Баға тұрақсыздығына мұнай құнының өсуі себеп: пандемиядан кейін елдегі өмір қалпына келе бастағанда сұйық отынға деген сұраныс ұсыныстан асып кеткен. Тағы бір себебі Е-10 атты жаңа сұйық отынның қолданысқа енгізілуінде.

Саймон Уильямс, «Корольдік автомобиль клубы» қауымдастығының өкілі:

- Бағаның шарықтауына бензиннің құрамына биоотынның қосылуы ықпал етіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айында Ұлыбритания қоршаған ортаны аз ластайтын Е10 жанармайына көшті. Ал ол өз кезегінде бензиннің бағасына әсер етпей қоймады. Сонымен қатар бөлшек саудамен айналысатын алыпсатарлар өткен жылғы көктемде Ұлыбританияда жарияланған бірінші локдаун кезіндегі шығындарын қайта қалпына келтіру үшін бағаны қымбаттатып отыр. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Айта кету керек, егер өткен жылы мұнайдың бір баррелінің құны 40 долларды құраса, бүгінде ол 85 долларға сатылып жатыр. Сарапшылар бұл қашанға дейін созылуы мүмкін екендігін болжай алмай дал. Егер мұнайдың бір баррелінің құны 100 долларға жетсе, жанармайдың бір литрінің орташа құны 150 пенске дейін өседі. Сала мамандары үкіметтен ірі бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер үшін қосымша құн салығын төмендетуді сұрап отыр. Сол кезде баға тұрақталуы мүмкін дейді олар. 

Ғалымжан Қараманұлы