Ресейде қайта локдаун жарияланды

Ресейде денсаулық сақтау, қызмет көрсету, көлік пен қоғамдық тамақтану салаларының қызметкерлерін екпе алуға міндеттеді. Бұл шешім елде індет дендеп кеткеніне байланысты қабылданып отыр.

Күн сайын өлім-жітім бойынша жаңа антирекордтар жаңартылып жүр. 30 қазаннан бастап бүкіл ел аумағында локдаун басталады. Мәскеуде бұл тәртіп бүгіннен бастап енгізілді. 

Бұл кофехана осыдан не бары бір апта бұрын ғана ашылған еді. Бұған дейін осы жерде болған дәмхана бірінші карантиндік шектеулерден кейін шығынға батып, жабылып қалған. Ал жаңа кофехана иелері Мәскеуде қайта локдаун жарияланады деп күтпеген. Өйткені соңғы кезге дейін қала әкімшілігі қатаң шаралар қабылданбайтынын айтып, сендірген болатын. Ресей бизнесі жаңа шектеулерді нағыз апат деп атап отыр. Үкімет есебінше, бір апталық демалыс кәсіпкерлерге 60 миллиардқа жуық шығын әкеледі. Билік жұмысшыларға төленетін 27 миллиардты өтеуге дайын болғанымен, мәселе түбегейлі шешілмейді. Әсіресе, шағын және орта бизнес қызметкерлеріне жалақы төлей алмай қалуы бек мүмкін.

Анастасия, кофехана әкімшісі:

– Бұл ақылға сыйымсыз. Өйткені табысы болмаса, жеке кәсіпкер жалақы төлеуге қайдан ақша алады? Жалпы бұрыннан істеп келген кәсіпорындар бұған дейінгі карантиннен шатқаяқтап қалды. Ал енді қайта локдаун жарияланды. Жеке өзім мұның бәрі тез аяқтала қалады деп ойламайынм. Желтоқсан айына дейін осылай отыратын түріміз бар.

Мейрамхана иелерінің есебінше, жаңа локдаун кезінде қоғамдық тамақтану орындары табысының 90%-інен айырылады. Ал онкүндік локдауннан кейін аяққа тұрып кету үшін бірнеше ай кетеді. Эпидахуал ушыққандықтан, бүгіннен бастап Мәскеуде тек азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен екпе салу орталықтары жұмыс істейді. Егде жастағы кісілерге оқшаулану нұсқауы берілді.

Ел бойынша ең қатаң локдаун Хакас республикасында жарияланды. 26 қазаннан бастап мұнда коменданттық сағат күшіне енді. Түнгі оннан таңғы алтыға дейін үйден шығуға тыйым салынды. Алайда шектеу шаралары, qr-кодтар жүйесі мен локдаунға қарамастан елде вакциналау қарқыны төмен. Ұжымдық иммунитет 50 процентке де жетпеген. Әзірше Мәскеу әкімшілігі локдаун мерзімін ұзарту жайлы шешім шығарған жоқ. Бұл эпидахаулға байланысты болмақ. Десе де жағдайды түпкілікті оң өзгерту үшін бір апта тым қысқа мерзім.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Сондай-ақ...