Оңтүстік Корея билігі ауаны зиянды қалдықтан тазарту үшін 10 млрд доллар бөлмек

Оңтүстік Кореяда ауаға таралатын зиянды заттарды азайту үшін ел билігі 10 миллиард доллар бөледі. Осылайша 2050 жылға қарай көміртегінен толық бас тартуды көздеп отыр. Ауаның ластану деңгейін тіпті ауылшаруашылық саласында да қысқарту қарастырылған. 

Бұл жылыжайда белгіленген температураны сақтау, суару сияқты талай жұмысты арнайы ұялы қосымша атқарып отыр. IT технологиялар көмегімен өнімділік көлемі ұлғайып, электр энергиясына кететін шығын азайды. Егер бұрын дизель отынымен істейтін құрал-жабдықтар қолданылған болса, қазір түгел электр құралдарына ауыстырылды. Осылайша ауаға шығатын қалдықтарды азайтуға мүмкіндік туды.

Чой Хен Нам, агроөнеркәсіп компаниясының президенті:

– Жылу сорғысы электр энергиясымен істейтін құрал-жабдықтан 50 процентке үнемді. Бірақ біз ұрпағымыздың болашағын ойлап, экологиялық таза нұсқаны таңдадық. Үкімет 500 миллион вон мөлшерінде қаржылай көмек бөлді. Бұл қаражатты қайтармаймыз, оны кәсіпті дамытуға берді. Бірақ осында кемінде 10 жыл жұмыс істеуге тиіспіз.

Бұл Кореядағы экологиялық ең таза ауыл саналады. Мұнда үйлер көмірмен емес, электр энергиясымен жылытылады. Ауылдағы 35 отбасының әрқайсысы елді мекенін дамытуға үлесін қосып келеді. Біреуі көкөніс өсірсе, басқасы зауытта жұмыс істейді. Әр үй Күн батареяларының көмегімен өндірілген электр қуатын пайдаланады. Ауылдағы ең ірі кәсіпорын – жануарлар нәжісін өңдейтін зауыт. Оны құрғақ пен сұйыққа бөледі. Сұйықтықты резервуарда ферменттеп, одан метан шығарады. Генератор осы газбен жұмыс істейді. Аммиак сұйық тыңайтқышты шығару үшін қолданылады. Құрғақ қимен жер тыңайтылады. Кәсіпорында күніне 110 тонна нәжіс өңделеді. Компания басшылығының жоспары өр, бірақ маман жетіспейді. Ауылда тек егде жастағы адамдар қалған. 

Ли До Хен, агроөнеркәсіп компаниясының президенті

– Мұнда жоғары технологиялық құралдар қолданылады, сондықтан жастар жұмыс істейді деп үміттенеміз. Уақыт өте нәжіс әкелетін машиналарды сутегімен істейтін көліктерге ауыстырамыз. Тіпті бар метанды сутекке айналдыруымыз мүмкін. Өндірілген метанның көмегімен істеп тұрған генератордың шуын естіп тұрсыз. Қазір фермамызда пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазір сағатына 50-ден 180-ге дейін  киловатт энергия шығарамыз. Ал келер жылы шамамен 400 киловатт өндіріледі.

Қалдық өңдейтін зауыт ауаға шығатын парник газ мөлшерін едәуір қысқартады. Өйткені ауаға метан түспейді. Сондай-ақ көміртек бейтараптығына жету үшін фермалар жаңартылатын энергия көздерін қолдануды арттырады.

Пэк Дже Гван, Корея республикасы Азық-түлік, ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры:

– 2050-жылға дейін ауыл шаруашылығында шығарылатын қалдықтар мөлшері 37 процентке қысқартылады. Бұл мақсатта смарт-фермалар құрылып, химиялық тыңайтқыштарды қолдану азаяды. Метан бөлінуін төмендететін жем шығару жұмыстары артады.

Сондай-ақ Кореяның негізгі тағамы саналатын күріш өсіру әдісі өзгереді. Өйткені су толған егіс алқаптары метан бөледі. Ауыл шаруашылық техникасы мен балық аулайтын кемелер де ауыстырылады. Жаңа машиналар дизель отыны мен керосин орнына электр қуаты мен сутекті пайдаланады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян