Грузияда билік басындағы партия шеру өткізді 

Билік басындағы «Грузин арманы» партиясы сайлау алдында Тбилисиде мыңдаған адам қатысқан шеру ұйымдастырды. Осыған дейін оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы да осындай шара өткізген.

Еске салайық, Грузияның 20 қаласы мен ауданында мэрлерді сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Билік үшін осы екі партияның үміткерлері өзара күреседі. 

Тбилиси орталығындағы Азаттық алаңы адамдарға қайта толып кетті. Билік басындағы партияның жақтастары осы шеруге қатысу үшін елдің барлық өңірінен келген.

Габа Чумбуридзе, шеруші:

– Өз қалауыммен билік басындағы партияны қолдауға келдім. Оппозициядағы ұлттық қозғалыс 9 жыл бойы қоғам пікірін өзгерту үшін бүкіл халқымызға әсер етті деп санаймын. Олардың жастарға жасағанын қолдамаймын.

Бұл 20 қала мен аудан мэрлерін сайлаудың екінші кезеңі алдында өткен шеру болды. Арасында елдің ең ірі қалалары – Тбилиси, Батуми, Рустави және Кутаиси бар. Бұл шаһарларда 30 қазанда билік басындағы «Грузин арманы» мен оппозициядағы «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партияларының үміткерлері арасында қиян-кескі күрес өтеді. Осы жолы алаңда 70 мыңдай адам жиналды. Соңғы рет «Грузин арманы» партиясы осындай ауқымды шараны осыдан 9 жыл бұрын, алғашқы сайлау науқаны кезінде өткізген болатын.

Нукри Андриадзе, шеруші:

– Санымыздың көп екенін және нағыз Грузия екенімізді көрсету үшін осында келдік. Ұлттық қозғалыс жақтастары жиі халық атынан сөйлейді. Бірақ біз де халықпыз. Алға ұмтылып, даму керек, осы үшін 2012 жылғы сайлауда да күрестік.

2 қазанда билік басындағы партия 26 муниципалитетте жеңіске жетіп, 47% дауыс жинаған. Осыған қарамастан «Грузин арманы» сайлаудың екінші кезеңі алдында шеру өткізуді ұйғарды. Оған бюджеттік және үкіметтік мекемелер мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты. Ал сайлаудың екінші кезеңінде кім жеңіске жететіні алдағы демалыс күндері белгілі болады. 

Авторы: Юлия Тужилкина