434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

2026 жылға қарай әлемдік нарықта екі млн робот пайда болады

  • 145
  • UPD: 21:42, 28.10.2021

«Ғаламдық өнеркәсіп аналитикасы» атты зерттеу компаниясы осындай болжам жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде қызмет көрсетуге және өндіріс жұмыстарына арналған роботтарға сұраныс күннен күнге артып барады.

Лондонның оңтүстік-шығысындағы алып қоймада 2 мыңнан астам робот жұмыс істейді. Бейне бір алаңда доп ойнаған футболшылар сияқты. Бір секундта 4 метр аумақта қозғала алатын құрылғылар онлайн азық-түлік супермаркетіне тапсырыс берген тұтынушыларға керегін тауып, жинап, салып, көлікке тиеп жібереді. Қазір бұл роботтарға халықаралық бизнесмендер тарапынан қызығушылық жоғары. Себебі пандемиядан кейінгі кезеңде жұмыс күшінің тапшы болатын түрі бар. Ал қызметкер қатары азайған сайын сұраныс пен жалақы да өспек. Қазірдің өзінде АҚШ, Жапония, Франция сияқты 9 ел сатып алу туралы шартқа қол қойған. Толық автоматтандырылған қойма 10 жылдай бұрын 310 миллион долларға салынған.

Люк Дженсен, Ocado компаниясының бас директоры:

– Бұған дейін онлайн сауда шығыны көп сала ретінде саналып келді. Шығынсыз кіріске қалай қол жеткіземіз деп біраз бас қатырдық. Нәтижесінде осындай жүйе жасап шықтық. Бүгінде тұтынушының тапсырыс әкелу үшін біреуді жүгірте беру – өте тиімсіз шешім. Бұл уақыт алады әрі жалақы төлеп, шығындалуың керек. Ал мұнда тапсырысты толық орындауға бар болғаны 6-ақ минут кетеді. Яғни кәдімгі дүкенде берілген тапсырысқа қарағанда 4-5 есе тиімді.

Римде жолаушы таситын әуе такси пайда болды. Фьюмичино әуежайында таныстырылған ұшқыш көлік 2024 жылы жалпы қолданысқа берілмек. Тоқпен қозғалатын таксиге 2 адам сыяды. Жолаушылардың жүгін салатын орын да қарастырылған. Көлемі кіші болғанымен, 18 моторы мен қайта қуатталатын 9 батареясы бар. Қозғалтқышы көп болса да, дыбысы кәдімгі тікұшақтардан 4 есе тыныш. Тағы бір тиімділігі, такси көлігі 45 минут жүретін жерге 15 минутта жетіп барады. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушы 15 жол жүргені үшін 150 еуро төлеуі мүмкін. Рим, Венеция, Болонья қалалары қазірден бастап әуе таксиге арналған инфрақұрылым жасауға кірісіп кетті.

Кристиан Бауер, Volocopter компаниясының өкілі:

– Біздің ендігі мақсатымыз – алдағы 2-3 жылда Еуропаның Авиация қауіпсіздігі агенттігінен коммерциялық лицензия алу. Қазірдің өзінде біз Еуропадағы қалалардан басқа, Азия елдерімен, оның ішінде Сингапурмен әріптестік орнатып жатырмыз. Қазір Париж бен Рим бәсекеге түсіп отыр. Кім озады екен? Бірақ еуропалық 2 ірі қаланың осы жобаны қолға алғанын мақтан тұтамын.

Ал Амстердамдағы өзенде қайық-робот жүре бастады. Оның басты ерекшелігі, өздігінен қозғалады. Салмағы 1200 келі болатын электрлі су көлігі жолаушылар мен тауарлар тасиды. Заманауи қайық 4 жыл сынақтан өткізілген. Оның тағы бір маңызды қызметі – қоқыс жинап, оны діттеген жерге апарады. Қалдық тазалауға арналған жоба келесі жылы толық іске қосылмақ. Сондай-ақ бұл қайықтарды бір-біріне жалғап, су бетінде концерт алаңын, уақытша көпір және төгілген мұнайды сүзетін шеңбер құруға болады.

Стефан Ван Дижк, озық шешімдер институтының инновациялар жөніндегі директоры:

– Амстердамда көлік кептелісі – үлкен мәселе. Әсіресе, қаланың ішіндегі тар көшелерде қиын. Бір жақсысы, бізде су арналары көп. Осы мүмкіндікті неге тиімді пайдаланбасқа деген ой келді. Бір жерден екінші жерге баратын бағдар арнайы жүйе алдын ала жоспарланады. Қайық жүзіп қалғанда жолында кездесетін басқа кемелерді немесе заттарды сезіп-біліп отырады. Сағатына 6-7 шақырымға дейін жүре алады. Адамдардың қауіпсіздігі және уақытын жақсы өткізуі үшін әдейі осы жылдамдықты таңдап алдық.

Соңғы кездері АҚШ-тағы дәмханалардан робот-даяшы мен робот-аспазды көптеп кездестіруге болады. Жергілікті рестораторлар қауымдастығының мәліметі бойынша, елдегі тамақтану орындарының 80 проценттен астамы қызметкер таппай қалған. Бұған басты себеп – пандемия. Сондықтан «ақылды құрылғылар» қолданысқа кеңінен енгізіле бастады. Кәсіпкерлер роботтар жұмысты тездетіп қана қоймай, шығын көлемін қысқартты деп қуанып жүр.

Ғаламдық өндіріске анализ жасайтын компания сарапшылары әлемді коронавирус жайлаған 2020 жылы нарықта 800 мың роботтың пайда болғанын есептеп шығарған. Енді 5 жылдан соң олардың саны 2 миллионға жетпек. Әсіресе роботтарға қызмет көрсету, өнеркәсіп және медицина салаларында сұраныс өте жоғары.

Хабар 24 телеарнасы