Британияны қиын кезең күтіп тұр

«Бізді қиын кезең күтіп тұр». Келер жылға арналған ел бюджетін және алдағы үш жылға арналған даму жоспарын таныстырған Ұлыбританияның қаржы министрі осылай деп мәлімдеді.

Локдауннан көз ашпаған, Брекситтің кесірінен экономикасы көрші елдерге қарағанда баяу дамыған Ұлыбританияны сонымен не күтіп тұр?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Елдегі инфляция деңгейі қыркүйек айында 3,1 процентке жетті. Ал келер жылы болжамдарға сәйкес 4 процентке өседі. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 процентке артады. Ал экономикалық өсім деңгейі 6 процентті құрамақ. Қаржы министрі мәлімдегендей, жүк көлігі жүргізушілерінің жетіспеушілігінен туындаған тауар тасымалындағы іркіліс әлі де бірнеше айға созылуы мүмкін. Алдағы жылдың бюджет шығындарына келер болсақ, 6 млрд-қа жуық стерлинг фунты Ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне бөлінбек. Бұл қаражат біренеше жылдан бері науқастар сарқыла күткен диагностика мен отаға жұмсалады. Сонымен қатар саланы сандық жүйеге көшіруге және ғылыми зерттеулерге бөлінеді. Сунак сондай-ақ білім саласына, көлік қатынасына және бизнесті қолдауға бірталай қаражат қарастырылатынын айтты. Осылайша, қазіргі үкімет, кезінде Дэвид Кэмерон мен Тереза Мэй ұстанған қатаң үнемдеу тәртібінен бас тартып отыр.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

– Бүгінгі бюджет ковид келтірген шығындардың орнын толтырмайды. Алда әлі қиын кезеңдер күтіп тұр. Үшінші бустерлік дозаны алу құқығы бар адамдарды өз мүмкіндіктерін тезірек пайдаланса деймін. Бүгінгі бюджет – ковидтен кейінгі жаңа экономиканың бастауы.

Оппозиция өкілдері болса, шарықтаған бағамен күресте үкімет дәрменсіздік танытып жатыр деп кінә тақты. Лейборшылар партиясының көшбасшысы Кир Стармер ковид жұқтырып, жиналысқа келе алмады. Оның орнына шыққан көлеңкелі министр Рейчел Ривз «Қымбатшылықтан қағажу көрген отбасылар және жүк тасымалындағы іркілістен зардап шеккен кәсіпорындар қаржы министрі суреттеген өмірден бейхабар болып, Риши Сунак параллель әлемде өмір сүріп жатыр-ау деп ойлауы мүмкін» деп айыптады. Кейбір сарапшылар да қаржы министрі банкирлердің, шарап шығарушылардың және ішкі әуе қатынасымен айналысушылардың салықтарын төмендеткенімен, көптеген сайлаушыларға айтарлықтай ештеңе ұсына алмай отыр дейді.

Пол Джонсон, қаржы зерттеулері институтының директоры:

– Орташа өмір сүретін адамдардың жалақысы алдағы 4-5 жыл көлемінде ғана өсетіні анық. Әсіресе, айлық табысы дүкендегі бағаларға ілесе алмайтындар өздерін жайсыз сезінбек. Барлығы бірдей жақсы өмір сүретін жаңа кезеңнің келе жатпағанын ескерулеріңіз керек деп ойлаймын. Бұл сол бұрынғы сүрлеудің жалғасы, экономикадағы тоқырау десе де болады.

Айта кету керек, көгілдір отын мен жарық бағасының қымбаттауынан бүгінде 15 млн шаруа қожалығы зардап шегіп, өмір сүру сапасы нашарлап келеді. Халық қаржы министрінің «Оптимизм дәуірі» деп жариялаған үш жылдық жоспары шынымен де жетістікке жетелесе деп үміттеніп отыр.

Ғалымжан Қараманұлы