Пандемия салдарынан дамыған елдерге келетін мигранттар саны 30% қысқарды

Бұл мәліметті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жария етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымға мүше елдерге соңғы 1 жылда үш жарым миллионнан аса адам көшіп келген. Бұл 2003 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Санитарлық шаралар босқындар миграциясымен қатар отбасылық немесе кәсіби себеппен қоныс аударатындарға да әсер етті. Пандемия кезінде тек ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмысқа келетін адамдар саны азайған жоқ. Ал індет ұйымға мүше елдер тұрғындарынан гөрі мигранттарға ауыр тиді. Өйткені олар жұмыссыз қалды. Алайда індетті еңсергеннен кейін білікті мамандарға сұраныс артады. Сондықтан алдағы жылдары мигранттар саны қайта көбейетін түрі бар.

Матиас Корман, ЭЫДҰ бас хатшысы:

– Жұмыс қолы жетіспегенде миграцияның маңызы зор. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында. Білікті мамандарды тарту үшін елдер ашық миграциялық саясат жүргізе алады. Ең бастысы, осы үрдіс жақсы басқарылса, миграция экономиканы жандандыру үшін үлесін қосар еді.