«Фейсбук» компаниясы атауын өзгертті

«Фейсбук» компаниясы атауын «Мета» деп өзгертті. Ребрендинг жасаудың негізгі мақсаты цифрлық мүмкіндіктердің көмегімен компания жұмысының ауқымын кеңейту дейді Марк Цукерберг.

Айтуынша, мета немесе метағалам «виртуалды әлем құруға бір табан жақындау» деген сөз. Виртуалды шындықта, жоғары технологияны қолданушылар бір-бірімен байланысқа шығып, виртуалды ойын ойнап, цифрлы технологияның жаңа деңгейіне көтеріле алады. Компанияның жаңа логотипі мен атауының өзгеруі «Фейсбук» акцияларының біршама өсуіне де түрткі болды дейді мамандар. Айта кетейік, компанияның атауы өзгергенімен Фейсбук, инстаграм және уотсап сияқты әлеуметтік желілер бұрынғы атауымен қала бермек. 

Марк Цукерберг, Мета компаниясының бас атқарушы директоры:

- Компанияның атауы өзгергенімен біздің миссиямыз бұрынғыдай қала бермек. Демек, адамдарды бір-біріне жақындастыруды жалғастыра береміз. Біз адамдарға технологияны жақындата түспекпіз. Енді біздің жаңа бағытымыз бар - ол бағыт метағаламды іске асыру.