Украинада халық жер сатуға қарсы мораторийді қалдыруды талап етті

Украина 50 мың гектарға жуық жерін сатты. Қоғамда үлкен дау тудырған Жер нарығының іске қосылғанына жүз күн. Енді жер кімдерге сатылады? Мұнда қанша жер алуға болады?

Украинада 2001 жылдан бері ауылшаруашылық жерін сату және сатып алу нарығына мораторий жарияланған. Ал 2020 жылы Жер туралы жаңа Заң жобасы қабылданды. Жаңа Заң жерді сату және сатып алуға рұқсат берді, алайда Жерге қатысты ашық нарыққа қарсы мыңға жуық адам Жоғары Рада алдына жиналып, құқық қорғаушылармен қақтығысып, мораторийді қалдыруды талап етті.

Назар Мухачев, наразы топ өкілі:

- Біз Жер нарығына қатысты Заң жобасын құптамаймыз. Жер сатылмайды, бұл Ата заңымызда айтылған. Заң жобасы күн тәртібінен алынсын. Бұл талап орындалмаса, қарсылық акция одан әрі күш алады.

Наразылық акциясына қарамастан бір жыл бұрын қабылданған Жерге қатысты Заң жобасы жүз күн бұрын күшіне енді. Дей тұрғанмен, қарсылық топтың ең басты талабы орындалды: Украина жері шетелдіктерге сатылмайды. Украина ауылшаруашылық жерін Украина азаматы ғана сатып алуға рұқсат, бірақ мұнда да шектеулер бар. Бір жеке тұлғаға сатылатын жердің көлемі 100 гектардан аспауы қажет. 

Роман Нейтер, Киев экономика мектебінің зерттеушісі:

- Наразылық акциялары Заңды қабылдау кезінде болған. Қазір мұндай қарсылық шаралары байқалмайды, өйткені нарық толыққанды жұмысына кірісті. Күннен күнге жер айналымы артып келеді. Бірінші айда небәрі 6 мың гектар сатылса, екінші айда 16, үшінші айда 25 гектар жер сатылды. 

Олег Нивьевский, Киев экономика мектебінің прфессоры:

- Бұл Украина мемлекеті үшін жаңа бастама, сондықтан тәжірибе аз. Жер нарығы талай жылдан бері көлеңкеде болды, сондықтан сату және сатып алуды заңдастыруда мәселелер болды. Украина аумағының 70 проценті нарыққа жатады, сондықтан әрбір транзакциядан тәжірибе жинақтап жатырмыз. Заң бойынша Украина жері шетел азаматтарына сатылмайды.

2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, Украина Заңнамасына сәйкес, жер учаскелері жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғаларға да сатыла бастайды. Алайда заңды тұлғаларға сатылатын жер көлемі 10 мың гектардан аспауы тиіс. Жер телімдерін сатып алу кезінде бұл процесс барынша ашық болуы үшін Заңды тұлғадан қаражаттың шығу тарихын құжатта көрсетуі талап етіледі. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко