Байден американдықтарды вакцина алуға міндеттейді

АҚШ халқының 67 проценті ғана толықтай вакциналанып үлгірді. Елдің Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәлметі бойынша бұл көрсеткіш жалпы халықтық иммунитет қалыптастыру үшін әлі де жеткіліксіз болып отыр. Кейбір штаттарда екпенің бір дозасын алғандардың саны тіпті төмен. Осы орайда Президент Байден жұмыс орындарда вакцина алуды міндеттеу керектігін мәлімдеген еді. Алайда мұндай оймен келіспейтін американдықтар да бар.

АҚШ-тың бірнеше штатында вакцина салдыруды міндеттеуге қарсы наразылық шаралары өтіп жатыр. Нью-Йорк, Арканзас және Калифорния көшелеріне шыққан мыңдаған адам жұмыс берушілердің қатаң талабымен келіспейді. Либералды құндылықты алға қоятын американдықтар «ковид екпесін салдыруға емес, оны міндеттеуге қарсымыз» дейді.

Джон Паркучи, жұмысшы:

- Түсініңіздерші біз вакцинаға қарсы емеспіз. Мүлде. Біз адам құқықтарын шектеуге қарсымыз. Өйткені қазір үлкен компаниялар өз жұмысшыларына ультиматум қойып жатыр.

Ультиматум дейтіні қарамағында 100 немесе одан да көп жұмысшы бар компаниялар қазірдің өзінде ковид екпесін міндеттеген әрі тестілеуден өтіп тұруды қолға ала бастады. Бұл Байден әкімшілігінің жұмыс орындарындағы сақтық шараларына қатысты жасап жатқан талаптарының бірі. Мамандардың айтуынша, мұндай талап АҚШ-тағы 80 миллион жұмысшыға қойылуы мүмкін.

Брад Колкер, жұмысшы:

- Вакцина алмасаң жұмыстан шығасың деді. Мен өз арызымды жазып, жұмыстан кететінімді айттым. Былтыр мен ең үздік жұмысшы атанған едім. Ал бүгін мінеки жұмыстан кетіп барамын. Демек, компания менің құқықтарымды қорғамайды деген сөз. 

Кейсер Фамили ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнама бойынша американдықтардың 72 проценті  вакцина алуды міндеттеген компаниялардан жұмыстан шығатындарын мәлімдеді. Сонымен қатар жұмысшылардың 37 проценті ковид тестілеуден өтіп тұруды талап еткен жұмыс берушімен қош айтысатынын мәлімдеді.

Дегенмен, вакцина алуды міндеттеген компаниялардан шын мәнінде кетіп жатқан адамдардың саны анау айтқандай көп емес. Қазірдің өзінде жұмыстан шыққандардың саны АҚШ-тағы жұмысшылардың 1% процентін құрады. Кейбір адамдардың діттегені жұмыс берушімен соттасып, әлеуметтік жеңілдіктерге ілігу дейтін пікірлер де бар. Ал дәрігерлер мен сала мамандарының айтуынша, қатерлі індеттен құтылып, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті сақтау үшін вакцина алуды міндеттеу аса қажет.

Талғат Алманов

Сондай-ақ...