Еуропадағы газ тапшылығы Молдоваға салқынын тигізді

Газ тапшылығынан туындаған дағдарыс және көгілдір отынның қымбаттауы Молдоваға да әсер етті. Қазір Санкт-Петербург қаласында «Газпром» мен Кишинев арасында келіссөздер жалғасып келеді. Еурокомиссия осы елге 60 млн еуро бөліп, бұл қаражат энергетикалық дағдарыстың ең ауыр зардабын тартқан мұқтаж жандарға көмек ретінде беріледі. Бұл туралы Брюссельде өткен Еуроодақ-Молдова қауымдастығы Кеңесінің мәжілісін қорытындылаған еуропалық дипломатия жетекшісі Жозеп Боррель мәлімдеді. 

Молдова мен «Газпром» арасындағы ұзақ мерзімді келісім-шарт қыркүйек айының соңында бітті. Бағаға келісе алмаған тараптар оның мерзімін ұзарта алған жоқ. 709 миллион доллар мөлшерінде қарызын өтеуді  талап еткен ресейлік компания келіссөздер өтетін мерзімді  ұзартып, қазан айында Молдоваға әдеттегіден аз көлемде газ жеткізген. Ал мың текше метрі үшін 790 доллар мөлшерінде баға қойды. Кишинев болса бағасын 200-300 долларға төмендетуді талап етіп отыр. «Газпром» алдағы екі айда бүкіл берешегі қайтарылса, келісім-шартты қараша айына ұзартуға дайындығын білдірді. Алайда Молдова үкіметі төтенше жағдай жариялап, өзге сатушыларды іздеуге кірісті. Осы аптада алғаш рет Польшадан бір миллион текше метр, ал Украинадан бір жарым миллион текше метр сатып алды. Десек те, бұл қыстау үшін бұл тым аз көлем. 

Наталья Гаврилица, Молдова премьер-министрі:              

- Молдова үшін газ тым қымбаттап кетті. Бағасы үш есе өсті, ал бар көлемін спот нарығында сатып алатын болсақ, төрт есе көтерілуі мүмкін. Еліміз саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан мұны көтере алмайды.

Молдоваға көмекке Еуроодақ келді. Еурокомиссия осы елге энергетикалық дағдарыспен күресу үшін 60 миллион еуро бөлетін болды. Бұл қаражат мұқтаж жандарға жәрдем беру және өзге команиялардан газ сатып алуға жұмсалады. 

Жозеп Боррель, шетел істері және қауіпсіздік бойынша еуроодақтың жоғарғы өкілі:                                                   

- Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде газ бағасы өсті. Осыны пайдаланып, көгілдір отынды геосаяси қару ретінде қолдануға болмайды. Молдова үшін бағаны күрт көтеру кейбір саяси мәселелермен байланысты, сондықтан бұл елге қолдау қажет. Осы қаражат – 60 млн еуро Молдова халқының ең осал топтарына бөлінеді. 

«Газпроммен» келіссөздер жалғасып жатыр. Молдова премьер-министрі Наталья Гаврилица онда ілгеріс бар екенін мәлімдеді. Бірақ тараптардың келісімшартқа жетуі екіталай.  

Наталья Гаврилица, Молдова премьер-министрі:

- Молдова шарттары лайық болатын және орындауға мұршамыз жететін Газпроммен ұзақ мерзімді келісімге жетуге мүдделі. Ынтымақтастығымыздың көпжылдық тарихы бар және экономика және саудаға қатысты сындарлы келіссөздер өтетінін күтеміз. Вице-премьеріміз Андрей Спыну қазір Санкт-Петербургте және «Газпром» басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесіп жүр. Келіссөздерде белгілі бір оңалыс байқалып тұр. 

«Газпром» Молдоваға қарыз төлеуін шегеруді және газ бағасын 25 процентке түсіруге дайын екенін жеткізді. Алайда Кишинев бұл шарттарға дайын емес. Қазір елдегі кәсіпорындардың бір бөлігі мазутқа ауысты. Санкт-Петербургтегі келіссөздер нәтиже бермесе Молдоваға өзге сатушыларды табуға тура келеді.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов