Өзбекстанда президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланды

Өзбекстанның орталық сайлау комиссиясы Шавкат Мирзиёев ресми түрде сайлауда жеңіске жетті деп жариялады.

Оған халықтың 13 млн-ға жуығы дауыс берген. Яғни, 80,12 процент.

Естеріңізіге сала кетейік, осыдан 5 жыл бұрын өткен саяси додада Шавкат Мирзиёев 88,61 процент дауыс жинаған еді. Ал екінші орынды халықтық-демократиялық партия атынан, саяси науқанға қатысқан Максуда Ворисова иеленді. Әйел кандидатты сайлаушылардың 6,63 проценті таңдаған. Енді Өзбекстанның сайлау кодексіне сай Шавкат Мирзиёев Олий Мәжілістің отырысында ресми түрде ант беріп, президенттік қызметке кірісе алады. Жаңадан сайланған мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі енді, екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

Жалпы орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша 20 млн-нан астам өзбекстандықтың дауыс беру құқығы бар. Саяси науқан кезінде солардың 16 мыңнан астамы өз таңдауын жасаған.

Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Пандемияға қарамастан сайлаушылардың 80,4 проценті еркін түрде өз таңдауын жасай алды. Бұл саяси науқан оппозиция, демократия және ашықтық рухында өтті. Бұл біздің елімізде батыл демократиялық реформалар және белгіленген міндеттерді орындау ісі тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығының айқын дәлелі.