430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлем елдерінде жұмыссыздық белең алды

  • 109
  • UPD: 21:22, 29.10.2021

Әлемдегі экономикалық өсімнің тұралауы, кедей мен дамыған елдер арасындағы теңсіздік, COVID-19 пандемиясының өршуі еңбек нарығына кері әсерін тигізді. Жұрттың екі қолға бір күрек таба алмауына вакцинаның тең бөлінбеуі де себеп болды. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша мемлекеттерге қаржылық және техникалық қолдау көрсетілмесе жағдай одан бетер ушығуы мүмкін.

Халықаралық еңбек ұйымының жаңа болжамы бойынша әлемде биыл қысқарған жұмыс сағатының саны 125 млн-ға дейін жетеді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 100 млн-ның шамасында еді. Егер дамыған елдердегі қысқару 5,7 процентке жетсе, экономикасы әлсіз өңірлерде 7,3 процентті құрайды. Еңбек нарығындағы құлдырау Еуропа, Орталық Азия, Африка, Таяу Шығыс пен Латын Америка елдері қатты сезілген.

Гай Райдер, Халықаралық еңбек ұйымының басшысы:

– 2021 жылы жұмыс сағаты пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 4,3 есеге кем болады. Бұл шамамен 125 млн жұмыс орнының қысқаруымен тең. Коронавирус пандемиясы кедей мен бай елдер арасындағы айырмашылықты ұлғайтып жіберді. Енді жағдайды оңалту оңайға соқпайды.

Еуростаттың мәліметі бойынша 2021 жылдың тамызында 25 жасқа дейінгі 2 млн 830 мың еуропалық азамат жұмыссыз қалған. Олардың басым бөлігі Еуроаймақта тұрады. Әсіресе, Еуропаның оңтүстік өңірінде жағдай мәз емес. Дегенмен мамандардың пікірінше өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыз жүрген жастардың шамамен жарты миллионы нәпақасын тауып жүр. Жергілікті билік оларды еңбекпен қамту үшін жаңа жобаларды қолға алмақ.

Даниэль Терзенбах, Германияның Еңбек басқарма кеңесінің мүшесі:

– Германияда жұмыссыздық қаржы дағдарысына дейінгі кезеңмен салыстырғанда 200 мыңға артық. Ал коронавирус өршіп тұрғанда бұл көрсеткіш 650 мыңды құраған. Жағдай сәл оңалып келеді. Қазір қысқа мерзімді еңбек шартына отырғандардың қатары көбейді. Алдағы айларда екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны әлі де азаяды деп ойламын.

Ковидке қарсы вакцинаның әлем елдеріне тең бөлінбеуі де жұмыссыздықтың өршуіне әкеп соқты. Салдарынан егілмегендерге жұмыс табу қиынға соға бастады. Қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлердің ісі да тұралап қалды. Мысалы, Бразилияда 2021 жылы 4,2 млн жұмыс орны қысқарған. Салдарынан аймақтағы әлеуметтік теңсіздік те күн өткен сайын қиындап барады.

Жақында жұмыссыздық өршіп тұрған Тунисте жекеменшік секторда қызмет ететіндер жаппай ереуілге шықты. Жиналған жұрт еңбек жағдайы мен жалақының мөлшеріне наразылығын білдірді. Қарапайым халықтың бас көтеруіне кәсіпкерлермен ортақ келісімге келе алмағандығы себеп болды. Аймақ экономикасы туризмның құлдырауынан 3 процентке қысқарды. Бүгінде елдегі жұмыссыздық деңгей 17 проценттен асып жығылады.

Жұмыссыздық мәселесі Ауғанстанда өршіп тұр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша елде 23 млн адам аш қалуы мүмкін. Билік басына тәліптер келгелі көптеген халық нәпақасынан айырылды. Оған қоса аймақтағы қуаңшылық та азық-түлік тапшылығына әкеп соқты. Гуманитарлық дағдарыс орын алған елге халықаралық ұйымдар қол ұшын созды. Алайда елдегі саяси жүйе бір ізге қойылмағандықтан гуманитарлық көмек көрсету қиынға соғып тұр. 

Хабар 24 телеарнасы