Жапониядағы Окинава префектурасының маңын қиыршық тас басып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл тастар Тынық мұхитында тамыз айында атқылаған жанартаудан жеткен. Мамандардың есебі бойынша ол жақтан бұл жерге дейінгі қашықтық мың жарым шақырымнан асады. Жергілікті блогер түсірген бейнежазбадан шағылдың қалыңдығы 1 метрге дейін жететінін байқауға болады. Соның салдарынан балықшылар теңізге шыға алмай қалған. Аймаққа туристер де келмей жатыр. Сарапшылар экология зиян шегетінін айтады. Ал билік кешеден бері Кунигами айлағының маңайын аршып жатыр. Бұл операция 3 аптаға дейін созылуы мүмкін.
Моко, Окинава тұрғыны:
– Кеуектас басқан суда жүзуге мүлде болмайды. Аузыңызға кіріп кетсе, өміріңізге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Жанартау қалдығы ауыр әрі тығыз. Ол айлақтарды басып қалған. Кеуектасты жұтып қойған балықтар қырылып жатыр.