Бельгия билігі 28 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялады

Бельгия билігі келесі жылдың 28 қаңтарына дейін төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені соңғы аптада бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны 6 мыңнан асқан. Бұл алдыңғы жетіге қарағанда 70 процентке көп және сәуірден бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты бұдан былай қоғамдық көлік пен дәріхана, ауруханадан басқа ғимарат ішінде бетпердемен жүру, дәмхана, мейрамхана, спорт, мәдениет нысандары, кітапхана сияқты қоғамдық маңызы ерекше барлық мекемеде ковид куәлігін көрсету қайта міндеттелді. Сондай-ақ барлық компаниялар мен кәсіпорындарға мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеу ескертілді. Бельгияда 8 жарым миллион адам, вакцина салдырған. Бұл халықтың 74 проценті.

БЛИЦ:

– Жағдай ушығып барады. Үкімет барлық жерде бетперде киюді міндеттеуі керек еді. Сабақ онлайн болмаса екен деп тілеймін, себебі студенттердің оқуы қиындайды."

- «Ковид Сейф Тикит» – жақсы идея, өйткені біз бір жерге бара алмай тұра алмаймыз, ол жақ қауіпті болуы мүмкін. Бірақ пойызда немесе басқа жабық ғимаратта бетперде киіп жүреміз.

– Үйде отырып жұмыс істеудің не жамандығы бар? Жұмыс берушілер қызметкерлеріне неге сенбейді? Вирус біржола жойылғанша, үйден жұмыс істеуіміз керек.

– Жаңа шаралар қабылдаудың түк қажеті жоқ еді. Қазір елдің көбі вакцина салдырған, сондықтан қажет емес деп ойлаймын.