Жаһандық жылыну мәселесі шешімін таба ма?

Соңғы бес жыл көлемінде елдер жаһандық жылыну деңгейін ұстап тұра алмады.

Жетекші климатолог-ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес жаһандық жылыну цельсий бойынша 1,5 градустан жоғары болса, жағдай қатты қиындай түседі. Ғалымдардың пайымдауынша, кедей мемлекеттермен қатар ауқаттылары да зардап шегіп, қуаңшылықтар, су тасқыны және аптап ыстық миллиондаған адамның өміріне әсер етпек.

Кортни Фингар, Investment monitor журналының бас редакторы:

- Конференцияның маңыздылығы өте жоғары. Өйткені нәтиже шығару үшін мәселені талқыға салу керек. Шара соңына қарай тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, мен таң қалмаймын. Сондықтан қандай да бір болжам құру қиын деп айтар едім.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Глазго қаласында қазір қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өйткені конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен делегаттар ғана емес наразылық білдіруші топтар да жиналып жатыр. Олардың басты мақсаты – экологиялық апат алдында тұрған ғаламшарды құтқару үшін шұғыл шаралар қабылдауға әлем көшбасшыларын шақыру.

Баяу жылдамдықпен межеге жету мүмкін емес дейді экобелсенділер. 2025 жылға қарай орман ағаштарын кесуді доғарып, 2035 жылға қарай көмір жағуды тоқтатқанда, 2040 жылы барлығын электр көлігіне отырғызып, 2045 жылы таза энергетикаға көшкенде ғана жағдай жақсарады. Ал оған жету үшін билікте қаржы мен саяси ерік-жігер жоқ дейді олар.

Герлинда Хоффманн, германиялық белсенді:

- Біз жер планетасының жылынуын тоқтату үшін саясаткерлердің білек сыбана әрекет еткенін қалаймыз. Бұл тек Еуропа үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды мәселе.

Саммитке Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпин мен Ресейдің президенті Владимир Путин қатыспайды. Қос алпауыт мемлекетсіз пікірталастар толыққанды өтпейтіні анық. Дей тұрғанымен, уақытынан бұрын түңілудің қажеті жоқ дейді мамандар. Екі аптаға созылатын келіссөздер кезінде тараптар уәделер беріп қана қоймай, олардың орындалуына атсалысса, нәтиже міндетті түрде болады.

Ғалымжан Қараманұлы