Әлемдік автоөндірістегі ахуал қандай

Жаһандық нарықта үлкен басымдыққа ие бола бастаған сала бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Электромобиль жасайтын америкалық Tesla компаниясы әлемдегі ең қымбат автоөндіруші атанды. Бірақ әлемдік автоөнеркәсіптегі ахуал мәз емес. Тіпті келесі жылы өндіріс көлемі біршама қысқарады деген күдік бар.

Герц компаниясының 2022 жылдың соңына қарай 100 мың электрокарды жалға алуы Tesla-ны асқақтатты. Оның нарықтағы құны 1 трлн доллардан асқан. Бұдан кейін инвесторлар да бұл өнімнің болашағына сене бастағандай. Енді Илон Маск жылдық өндірісті 20 млн-ға жеткізбекші. Сөйтіп, Фольксваген мен Toyota Motor-ды шаң қаптырмақ. Бірақ бәсеке оңай болмайтыны анық. Себебі қарсыластар осал емес.

Ал Еуропадағы мыңдаған кәсіпорын жабылу алдында тұр. Оның ішінде көлік, металл, т.б. өнім өндірушілері бар. Қытайлық магнийдың тапшылығы өндіріске салқынын тигізді. Қазір бұл мемлекет металды 40% арзандатып отыр. Өткен айда бір тоннасы 70 мың юаньға, яғни 11 мың долларға сатылса, енді 6700 доллар тұрады. Бірақ түйін толық шешілген жоқ. Еуропалық кәсіпорындар бір айға жетерлік қор жинап алды. Сонда да қытайлық магнийге тәуелді. Өйткені металдың 95% Еуропаға Қытайдан жеткізілетін.

Сунь Цянь, ҚХР түсті металлургия қауымдастығы магний бөлімі төрағасының орынбасары:

- Магний өндірісін қысқарту туралы шешім көміртектің атмосфераға шығарылуын азайту туралы дүниежүзілік қауымдастыққа берген уәде негізінде шығарылды. Әрі электр энергиясын үнемдеу бойынша елдегі өндірістерге талап қойылды. Осылайша Фугу уезінің магний кәсіпорындары қыркүйектің үшінші он күндігінде өндірісті тоқтатуға мәжбүр болды. Соған сәйкес баға да өсті. Менің ойымша, жылдың аяғына дейін өндіріс қалпына келеді. Бүгінде Фугу уездінде өндіріс 40% қалпына келді.

Жыл басынан бері елімізде 63 мыңнан аса көлік шығарылды. Әлі де жаңа автокөліктерге сұраныс басым. Дегенмен диллерлер көктемге дейін сатылымды тоқтатып қойған. Өйткені тапсырыстарды дер кезінде орындау мүмкін болмай тұр. Бұған магний тапшылығының қатысы жоқ.

Артур Мискарян, «Қазавтоөнеркәсібі» қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Әлемдегі автонарықта микрочиптер тапшы. Бұл микросхемалардың компьютер, медициналық жабдықтар, смартфон өндірісінде де аса қажет екенін түсінеміз. Микрочиптер сұранысының 10 проценті ғана автонарыққа тиесілі. Сондықтан оны өндіретіндер үшін көлік шығару саласы тартымды емес. Оған қоса, пандемия өндірістің азаюына қатты әсер етті.

Өндіріс қана емес, микросхема жетіспеушілігі жаһандық автоөндірушілердің көлік жабдықтарын да қысқартуға әкеледі деген болжам бар. Қазір мамандар бұл мәселені жан-жақты саралап жатыр.