434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

COP26 конференциясында Орталық Азия елдері бірлескен мәлімдеме жасайды

  • 136
  • UPD: 08:43, 01.11.2021

Глазгодағы БҰҰ XXVI Климаттық конференциясының ашылу салтананатына қатысушылар ковид құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Делегаттардың айтуынша, елдер өзара бірлікте болса ғана күрмеулі мәселе шешімін табады. Климаттың өзгеруіне қатысты проблемалар шаш етектен. Орталық Азия елдерінің өкілдері де осы конференцияда ортақ мәлімдеме жасамақ.  

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Әлемнің түкпір-түкпірінен келген азаматтық қоғам, ғылыми орта өкілдері, суретшілер мен кәсіпкерлер осы жерде өздерінің көрмелерін, мәдени шаралары мен семинарларын өткізеді. Орталық Азия павильоны Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және әлбетте Қазақстан Республикасын біріктіріп, елдер жаһандық жылыну бойынша тұңғыш рет ортақ пікірлерін ортаға салады.

Себебі Орталық Азияда шешілуі тиіс экологиялық мәселелер аз емес. Олар су ресурстарын бөлу және сақтау, ауаның ластануы, қалдықтарды жою. Конференцияның алдында соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі пленарлық сессиялардан бөлек мұнда қосымша кездесулер өткізіліп, өңірлердің экологиялық мәселелері талқыланады. Жанна Шаяхметова шараға қатысушы делегаттардың бірі. Ол Қазақстандағы БҰҰ кеңсесі ұйымдастырған экологиялық тақырыпта жазатын журналистер арасындағы байқаудың жеңімпазы.

Жанна Шаяхметова, Astana Times интернет-басылымының тілшісі:

- Біріншіден, осындай ауқымды іс-шараға қатысу мен үшін өте үлкен мәртебе. Бұл жерге ойы ұшқыр адамдар, сарапшылар көптеп жиналып жатыр. Шараларға қатысып, бәрін өз көзіммен көріп, бақылағым келеді. Мүмкін, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға барған соң өзге елдердің экобелсенділері туралы айтып беретін шығармын.

COP 26 ресми түрде ашылған күні Климаттық конференцияның жаңа төрағасының есімі белгілі болды. Ол ұлты үнділік британдық саясаткер, министрлер кабинетінің мүшесі Алок Шарма. Өз сөзінде ол декарбонизация және жаһандық жылынуға қарсы шұғыл шара қабылдау қажеттігін атап өтті. 

Алок Шарма, COP26 төрағасы:

- Климаттың өзгеруін көрсететін индикаторлар қызыл түске боялып тұр. Біз су тасқынының, орман өрттерінің салдары жойқын екенін байқап, рекордты деңгейге жеткен аптап ыстықты сезіп жүрміз. Біз проблемаларды бірге шеше аламыз. Тіпті не істеу керектігін білеміз, өйткені қолымызда Париж келісімі бар. 

Конференцияның арқалаған жүгі ауыр. Пандемияның бір жарым жылы ішінде экологиялық проблемалар көбейді. COP26-ның сәтті өтуіне кедергі болатын даулы мәселелер пайда болды. Конференция қарсаңында өткен Үлкен жиырмалық саммитінде оған мүше 12 ел ғана 2050 жылға дейін немесе одан бұрын көмірқышқыл газының бөліну деңгейін нольге жеткізуге келісті. Әлемдегі ең ірі ауаны ластаушы мемлекеттер Қытай мен Үндістан, ол тізімде жоқ. Сондай-ақ G20 мүшелерінің жартысы көмірқышқыл газының бөлінуін азайту бойынша өршіл жоспарларын ұсына алмады. Коронадағдарысқа байланысты бай мемлекеттер 2020 жылға қарай дамушы елдерге экомәселелерді шешуге жылына 100 миллиард стерлинг фунтын бөлу міндеттемесін орындамады. Сондықтан сарапшылар сессиялар қызу пікірталаста өтеді деп отыр.

Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы