Украинада сабақ онлайн өтетін болды

Бүгін Украина астанасы Киев пен елдің 15 облысы қауіпті «қызыл аймаққа» енді. Жағдайдың нашарлауына байланысты оқушылар енді онлайн режимде оқиды.

Украинада эпидемиологиялық жағдай асқынып тұр. Ресми статистика бойынша тәулігіне ковид жұқтырғандар саны 26 мыңнан асқан. Бір күнде індеттен 600 адам қайтыс болған. Кісі өлімі бойынша Украина Ресейден кейінгі екінші орынға ойысты. Жағдайдың ушығуына байланысты қарашадан бастап, Киев  карантин режимін қайта күшейтті, оған астанадағы ауыр ахуал әсер еткен.

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Киевте ковид-жағдай ушығып тұр. Кейінгі аптада қалада вирус жұқтырғандар саны мыңнан асты. Тәулігіне қайтыс болғандар саны 30, 40 тіпті 50 адамға жетті. Індеттен қаза болғандар арасында жас адамдар көп, тіпті бір жасар балалар да бар. Қаладағы емханаларда жатқан науқастар және оттегі көмегіне аса мұқтаждар саны артып келеді. Дертті жандарды қабылдау үшін қосымша алты мың төсек дайындалды.

Киевтегі қатаң карантин режимі жағдай жақсарғанға дейін жалғасады. Қоғамдық көлік жұмысы әдеттегідей жұмыс істейді. Бірақ тұрғындар мен көлік жүргізушілері полицияға ковид экспресс тест немесе екпе алғаны туралы құжат көрсетуі тиіс. 

Виталий Кличко, Киев қаласының мэрі:

- Киев өз өкілеттігі аясында қатаң шектеулер енгізіп жатқанын айтқым келеді. Қоғамдық орындар: оның ішінде тамақтану, қонақүйлер, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері, спортзалдар, фитнес орталықтары қауіпсіздік шараларын сақтағанда ғана жұмысын жалғастырады. Келушілер мен қызметтегі адамдар толығымен екпе алғанда немесе вирус жұқтырмағаны туралы ковид тесті бар болса ғана нысан ашық болады. Дүйсенбіден бастап каникулға кеткен мектеп оқушылары оқу ордаларына қайтып оралмайды. 1-11 сынып оқушылары білім алуды онлайн режимде жалғастырады.

Херсон облысында төтенше жағдай министрлігі отыз бес шатырдан тұратын жылжымалы ковид госпиталін іске қосты. Бір мезетте бұл мобильді госпиталь 120 науқасты қабылдай алады. Украинада бүгінгі күнге дейін 8 млн жуық адам ковидке қарсы тегін екпе салдырған. 29 қазан күні тәулігіне вакцина салған тұрғындар саны тұңғыш рет 317 мың адамды құрады. Дей тұрғанмен, екпе алғаны туралы жалған сертификат жасаушылар мен сатып алушылар санында да есеп болмай тұр. Бас прокуратура мен ұлттық полиция өтірік тест және ковид сертификатқа қатысы бар тұрғындарды алты айдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдап, жазаны күшейтті. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко