G20 климатқа қатысты нақты шешім қабылдай алмады

G20 климатқа қатысты нақты шешім қабылдай алмады

Өткен демалыс күндері Италия астанасында бас қосқан «үлкен жиырмалық» климаттың өзгеруімен күрес бойынша аса үлкен нәтижеге жете алмады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осыған қынжылды. Себебі «үлкен жиырмалық» Бірлескен мәлімдемеде ғаламдық жылынуды 1,5 градус деңгейінде ұстауға күш салатынын жариялағанымен ауаға көмірқышқыл газын шығаруды тоқтатуға байланысты нақты шаралар қабылдамаған. 

Атмосфераға парник газдардың қисапсыз шоғырлануы мен ғаламдық жылыну қауіпке айналды. Дүниежүзілік метерологиялық ұйым басшысы Глазгодағы климаттың өзгеруіне арналған конференцияда осылай деп мәлімдеді. Себебі соңғы 7 жылда жер бетіндегі ауа райын бақылау тарихында ең ыстық жылдар тіркелген. Ал биыл қаңтардан қыркүйек айына дейін ауаның орташа температурасы 1850-1900 жылдармен салыстырғанда Цельсий бағанасымен 1,2 градусқа жоғары болған. Теңіздердің деңгейі де тез көтеріле бастаған.

Петтер Таллас, Дүниежүзілік метерологиялық ұйымының бас хатшысы:

- Қазір ауада көмірқышқыл газының шоғырлануы ең жоғары деңгейге жетті. Ал мұздықтардың еруі мен теңіздердің көтерілуі ғасыр соңына дейін жалғасады. Бірақ біз 2050 жылға таман көміртегін пайдалануды нольдік деңгейге жеткізсек, бұл апатты үрдерісті тоқтатуға мүмкіндігіміз бар.