Ресейде соңғы тәулікте 41 мың адамнан ковид анықталды

Ресейде соңғы тәулікте 41 мың адам коронавирус жұқтырған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазір жергілікті билік пандемияның бесінші кезеңін жариялады. Елде індет жұқтырғандардың жалпы саны 8,5 млн-ға дейін жетті. Оның 240 мыңы осы кеселдің құрбаны болды. 

Мәскеуде еңгізілген қатаң шектеу шараларының салдарынан шаһардағы барлық өндірістік орындар жабық. Қызмет көрсету салалары мен азық-түлік дүкендерінен басқа өзге сауда орындары да жұмысын тоқтатты. Енді кәсіпкерлер локдаун шағын және орта бизнеске орасан зор шығын келтіруі мүмкін деп қауіптеніп отыр. 

Игорь Бухаров, мейрамхана мен қонақүй басшылары федерациясының президенті:

- Бүгін түрлі бизнес иелерінің 30 проценті дөңгелетіп отырған кәсібінен айырылды. Екінші локдаун жығылғанға жұдырық болды. Екі аптаның өзі үлкен шығын әкелді. 2020 жылдың қарызы өтелмей жатып оған 2021 жылдың қарызы қосылды. Көбі бұл қиыншылықтарды көтере алмады. 

Десе де, шіркеу, мұражай мен театрлар жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда бұл мекемелерге кьюар-кодсыз кіру мүмкін емес. Ал ішіндегі адам санына шектеу қойылған. Бірақ ресейліктер оқшаулануға асығар емес. Қатаң тексеріс пен айыппұлға қарамастан маска тағу режиміне бағынбай жүргендер де көп. Мамандардың нұсқаулығын елемей локдаунды айналып өткісі келгендер Египет, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге саяхаттай бастады. Ал Ресейде тәуліктік науқас саны мен өлім-жітім көрсеткіші күн өткен сайын артып барады. Дәрігерлер ауыр халде жатқандардың арасында балалар да бар екенін айтады. 

Марина Павлова, балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы: 

- Бүгінде кішкентай балалар жиі ауыра бастады. Тіпті 4 айлық нәрестелер де инфекция жұқтырып жатыр. Аурудың бірінші толқынында бұндай жағдай болмаған еді. Қазір балаларды өкпені жасанды желдету апаратына қоса бастадық.

Татьяна Белькова, балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Коронавирус инфекциясының ішек ауруы жиі кездесе бастады. Вирус негізінен балаларға ересектерден жұғады.

Сондықтан міндетті түрде вакцина салдыру керек.

Жергілікті билік эпидемиологиялық ахуалдың ушығуын елдегі вакцинация қарқынының төмендігімен байланыстырып отыр. Ал мамандар жақын арада жағдай оңалмаса локдаунның мерзімі әлі де артуы мүмкін дейді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров