Коронавирус жұқтырған тұрғын бүкіл Диснейлендтің жабылуына себеп болды

Әлемде коронавируспен күрес жалдғасып жатыр. Мәселен, Қытайда вирус жұқтыру дерегі тіркелген аймақта бірден локдаун жарияланады. Ал Оңтүстік Корея керісінше, инфекциямен бірге өмір сүруге тырысып, шектеу шараларын жеңілдетуге кіріскен. Енді вакциналау қарқынын үдетіп жатыр. 

Кеше кешкісін Шанхайдағы Диснейлендке тосыннан қорғаныш киімдерін киген медицина қызметкерлері келіп, демалып жүрген халықты жаппай тестілеуден өткізді. Себебі осы ойын-сауық саябағына қыдырып келген Ханчжоу тұрғыны вирус жұқтырған. Осыған байланысты мамандар бірден шұғыл әрекет етіп, 33 863 азаматты тексеріп шыққан. Ешбірінен ковид белгілері анықталмапты. Десе де, екі аптадан соң олардың бәрі қайтадан тест тапсыруы қажет.

ҚЫТАЙДЫҢ 4 МИЛЛИОН ТҰРҒЫНЫ БАР ҚАЛАСЫНДА ЛОКДАУН ЖАРИЯЛАНДЫ  

Қытай әлі күнге дейін коронавирусты жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Халықтың 75 процентінен астамы толықтай вакцина алғанына қарамастан, елдегі ковидке қарсы шаралар өте қатаң. Шекара жабық. Әуе тасымалы сиреген. Шетелдік студенттер мен туристердің ел аумағына өтуіне тыйым салынған. Қандай да бір қалада вирус жұқтыру дерегі тіркелсе, бірден локдаун жарияланады. Мәселен, 4 миллион тұрғыны бар Ланьчжоу қаласы сейсенбі күні толығымен оқшауланды. Өйткені бұл шаһарда 6 адамнан инфекция анықталған. Дүйсенбіде олардың саны 68-ге жетті.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ    

Ал Оңтүстік Кореяда вирус жұқтыру көрсеткіші әлі де жоғары болғанына қарамастан, шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Жаңа тәртіпке сай, жергілікті сауналар, жаттығу залдары мен барлар жұмыс істейді. 500 адамға арналған бұқаралық іс-шаралар өткізуге де болады.

АҚШ 1,5 МЛН ДАНА ВАКЦИНА СЫЙЛАДЫ 

Америка Құрама Штаттары Тайваньға Модерна вакцинасының 1,5 миллион дозасын сыйлады. Препарат артқан ұшақ кеше Таоюань қаласының әуежайына қонып, үкімет өкілдеріне тапсырылды. Маусым айында Америка аталған аралға 2,5 миллион дана Модерна дәрісін жіберген еді. Бұл аймақ та оқшауланған режимде өмір сүріп жатыр. Ел аумағына өтуге тыйым салынған. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, шекара тек халықтың 60 процентінен астамы толық вакцина алғаннан кейін ашылады.

3 ЖАСТАН АСҚАН БАЛАЛАРҒА ВАКЦИНА САЛЫНЫП ЖАТЫР   

Ал Колумбияда 3-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Оларға қытайлық Синовак екпесі егіледі деп жоспарланған. Колумбияда балаларға қытайлық өнімнен бөлек, Pfizer мен Moderna препараттарын да салуға болады. Бұған дейін ел үкіметі 12-ден асқан жеткіншектерді вакциналау кезінде дәл осы екпені қолданған.

Ғани Мұқашұлы