Климаттық саммитке артар үміт зор

Жаһандық жылынумен күресудің тиімді жолдары мәселесі Шотландияның Глазго қаласында өтіп жатқан климат саммитінде жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2015 жылғы Париж келісіміне сәйкес 190-нан аса мемлекет атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға келіскен. Содан бері 6 жыл өтті. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. Әлем елдері осы ғасырдың соңына дейін жаһандық жылынуды 1,5 градус шамасында ұстап тұруға келіскен. Тараптар атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газын азайту бойынша міндеттемелер алды. Көбі оны орындамаған секілді. Ал бай мемлекеттер климаттың өзгеруімен күреске жыл сайын 100 миллиард доллардан бөліп отыруға уәде еткен. Бірақ осы күнге дейін бұл ақшаның бір бөлігі ғана аударылған. Сондықтан айтылған сөз айтылған жерінде қала ма деп қорыққан жұрт назары Глазгодағы климаттық саммитке ауып отыр. Ондағы басты мақсат–2050 жылға дейін көміртексіз жаһандық экономикаға өтуді жоспарлау.   

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Осы күнге дейін өзімізді көмірқышқыл газымен тұншықтырып келдік. Өзімізге өзіміз ор қазып жатырмыз. Мұхит түбінен тау шыңына дейінгінің бәрі көз алдымызда өзгеріп барады. 30 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, теңіз деңгейі екі есе тез көтеріліп жатыр. Амазониядағы тропикалық ормандарда бөлінетін көмірқышқыл газы жұтылатын газ мөлшерінен асып кеткен. Климаттың өзгеруін қазір барлық ел сезініп отыр. Мұны өзгертетін уақыт келіп жетті.

Қатысушы мемлекеттер осы ғасырдың ортасына дейін көмірқышыл газының бөлінуін қысқарту жөніндегі өз жоспарларын ұсынулары қажет. Осы уақытқа дейін зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру бағдарламаларын дайындау керек. Сондай-ақ Париж келісімін орындау бойынша есеп беру жағын мақұлдауы тиіс. Негізі 2017 жылы Дональд Трамп АҚШ осы Париж келісімінен шығатынын жария еткен. Джо Байден билікке келе салысымен, келісімге қайта оралу туралы жарлыққа қол қойған еді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Мен бұрынғы президент әкімшілігінің әрекеті үшін кешірім сұраймын. Біз қайта оралып қана қоймай, өзге елдерге үлгі болатындай жетістіктер көрсете аламыз деп ойлаймын. АҚШ 2005 жылмен салыстырғанда, 2030 жылға таман атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін 50-52%-ке азайтуы тиіс.

Саммит қорытындысына қатысты сарапшылардың пікірі қақ бөлініп отыр. Бірі 2050 жылға дейін көміртегін пайдалануды нөлдік деңгейге жеткізу мүмкін емес дегенді алға тартады. Өйткені көмірқышқыл газын атмосфераға ең көп бөлетін 4 елдің үшеуі үлгермейтіндерін айтады. Мәселен, Ресей мен Қытай көміртегін пайдалануды нөлдік деңгейге жеткізу тек 2060 жылы мүмкін болады дейді. Үндістан өз ұстанымын жария етпеді. Дегенмен сарапшылардың басқа тобы үміт үзбеуге шақырады. Мәселен, Оксфорд университеті өкілдерінің жүргізген зерттеуіне сәйкес, алдағы он жылда жаңартылатын энергия көздерін енгізу қазіргідей қарқынмен жалғаса берсе, 25 жылдан кейін көміртегін пайдалануды нөлдік деңгейге жеткізуге болады.

Саммит 12 қарашаға дейін жалғасады. Алдағы екі апта ішінде қатысушылар бәрінің көңілінен шығатын оң шешім қабылдауға тырысады.

Авторлары: Жұлдыз Атагелдиева, Амир Хайдаров