Нигериядағы үй апатынан 6 адам қаза тапқан

Нигерияда мамандар көп қабатты үй опырылып құлаған жерде қирандыларды аршумен айналысып жатыр.

Мұнда елдегі ірі қала - Лагоста құрылысы бітпеген 21 қабатты ғимарат қираған еді. Соңғы дерек бойынша 6 адам ажал құшып, төртеуі құтқарылған. Үйінділер астында әлі 100-ге жуық адам болуы мүмкін. Куәгерлер төтенше жағдай кезінде ғимарат ішінде көп жұмысшы болғанын айтады. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Негізі Нигерияда мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Өйткені құрылыс жұмыстары кезінде нормалар мен талаптар сақталмайды екен.

Джерри Джон, куәгер:

- Үйінділер астында көп адам болуы мүмкін. Өйткені оқиға кезінде ғимарат ішінде жұмысшылар жүрген. Таңертең мына жерде қара көлік тұрған. Ол құрылыс компаниясының иесіне тиесілі. Меніңше, ол кісі де қирандылар астында болуы мүмкін.