АҚШ-та қар күрейтін көліктің жүргізушісі жетіспейді

АҚШ-тың орталық бөлігінде халықты қармен таңқалдыру қиын. Канзас пен Миннесота штаттарында  алғашқы қар түсіп қойған. Қыс тақағанда мұндағы биліктің қиналатыны бір нәрсесі бар. Ол қар тазалаушы көліктерді тізгіндейтін жүргізушілердің жетіспеушілігі.

AccuWeather телеарнасының хабарлауынша, бұл ұлттық деңгейдегі дағдарысқа айналуы мүмкін. Себебі соның кесірінен осы қыста көп жолдар дер кезінде тазаланбай қалуы ықтимал.

Мәскеу әуежайында қолайсыз ауа райына байланысты ұшақтар әуеге көтеріле алмай қалды. Қалың тұман кесірінен ұшу-қону алаңы көрінбегендіктен бас-аяғы 200-ден астам рейс кейінге шегерілді. Күн райының күрт бұзылуына байланысты қалада қауіптің сары деңгейі жарияланды. Осыған байланысты полицейлер тұрғындарды көлік тізгініне отырудан уақытша бас тартуға шақырды. Ал жаяу жүргіншілерге ашық, жарқын түсті киім киюге кеңес берді.

Табиғаттың тосын мінезі таңға дейін жалғасты. Түс ауа тұман сейіліп, жол көріне бастады.

Экологтардың айтуынша, бұл жағдайға ауаның тым ластануы мен автокөліктерден шыққан газ себеп болған.

Боливияның Тариха қаласындағы тұрғындарды бұршақ дүрліктірді. Аймақта ауа температурасы күрт төмендеген. Соның салдарынан жауған бұршақ бір мезетте үлкен мұз кесектеріне айналып шыға келген. Осыған байланысты автокөліктер қозғала алмай орнында қалып қойған. Десе де, көп ұзамай бұршақ ери бастады. Бірақ соның өзі де жергілікті жұртты әбден әбігерге салды. Көшеде мұз суы көлкіп, тұрғындар тізеден су кешті. Шаруалар болса күн райының қолайсыздығынан бүкіл егіннен айырылып қалған.

Өз кезегінде ұшқыштар мен бортсеріктер тапшылығы Америкада қазірдің өзінде қиындық тудырып жатыр. Бұл проблеманың кесірінен American Airlines компаниясы 400-ден астам рейсті кейінге шегеруге мәжбүр болды. Осымен төртінші күн қатарынан аталған мекеме қызметінде кәдімгідей іркіліс байқалады. Бұл бірінші кезекте қолайсыз ауа райынан туған мәселе, дейді әуе компаниясының өкілдері. Десе де, былтыр American Airlines өзге әуе тасымалдаушылары секілді індетке байланысты мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатқан болатын. 

Ғани Мұқашұлы