430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Дубайдағы ЕХРO: Қазақстанның павильонын 207 мың адам тамашалады

  • 174
  • UPD: 08:42, 03.11.2021
Дубайдағы ЕХРO: Қазақстанның павильонын 207 мың адам тамашалады

Дубайда дүниежүзілік ЕХРО көрмесі басталған бір айдың ішінде Қазақстанның ұлттық павильонын 207 мың адам тамашалапты.

«Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтіп жатқан жиынға әлемнің 190 астам мемлекеті қатысып жатыр.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- «ЭКСПО-ның» орталығында серуендеп жүрсеңіз, Қазақстанның павильонын жазбай танисыз. Бұл маңдағы негізгі павильондардың ішінен Қазақстанның аңшаңқан павильоны жарқырап, бірден көзге көрінеді. Екіншіден, алыстан сыңсып жеткен қазақтың әні мен күйі еріксіз елітеді, еріксіз осы жерге жетелеп алып келеді.

«Экспо» көрмесі үш аумаққа бөлінген. Соның бірі «Мүмкіндіктер» деп аталатын кластерде Қазақстанның павильоны орналасқан. Ұлттық павильонмен қоңсылас Біріккен Араб Әмірліктерінің, АҚШ, Жапония, Қытай мен Италия секілді біраз елдің ғимараттары жайғасыпты.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Біздің павильонның табалдырығын аттаған беттегі алғашқы әсер – жұпар иіс, даланың иісі, жусанның иісі. Даланың иісінен бөлек Ұлы даланың көркі саналатын қызғалдақты да, қызғалдақтан басқа Ұлы даланың дәміне айналған алманы да осы жерден көруге болады.

Ұлттық павильонның іші заманауи технологиялармен толық жабдықталған. «Vision Machine» инсталляциясында агроөнеркәсіп, қоршаған ортаны қорғау, аэроғарыш өнеркәсібі секілді салалардағы Қазақстанның әлеуеті көрсетіледі. Бұдан бөлек бұл жерде Ұлы даланың бай тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен бір мезетте танысуға болады. Меймандардың көбі «Алтын адам» экспозициясына көп аялдайды. Қазақстанның табиғи ресурстары да көпшілік үшін қызық. Сирек кездесетін минералдардың үлгілері осында қойылған.

Бибігүл Жұмағұлова, Қазақстан павильонының  қызметкері:

- Біз Қазақстанның тарихын, мәдениетін, жер байлығы және табиғаты жөнінде ақпарат береміз. Бұдан басқа мысалы, Қазақстанның әлемге деген Қазвак вакцинасын бұл павильонда көрсетіп жатырмыз. 

Адам мен жасанды интелектің үйлесімділігі – мұны Қазақстан павильонындағы  тұтас бағдарламаның өзегі десек болады. Меймандардың көбі осы шоуды тамашалау үшін келеді. 

Полина Шут, гимнастшы:

- Адамзат технологиямен бірге болатын болса, болашағамыз – жарқын.  Біз шоуда осыны көрсеткіміз келді. 

Экспоға 190 астам мемлекет қатысып жатыр. Біріккен Араб Әмірліктері 7 млрд доллардан астам қаражат жұмсап, ұйымдастырған көрмені 25 млнға жуық адам тамашалайды деген болжам бар. Ал Қазақстан павильонын бір күннің ішінде 7-8 мың адам аралап шығады. Демалыс күндері мұнда келушілердің саны бұдан да көп.

Блиц:

- Мен бүгін тарихи мұра мен жасанды интелектінің үйлесімділігін көрдім. Басқа павильондарда мұндай шоу жоқ.

- Қазақстан павильоны – үздіктердің қатарында. Достарыма барып, көріңдер деп деп кеңес беретін боламын.

- Павильонның іші де, сырты да әдемі, инновация көп. Кіргеннен бастап шыққанға дейін біраз дүниені тамашаладым.

Алдағы уақытта Қазақстан павильонында бірнеше іс-шара ұйымдастырылады. Елдің Ұлттық күні өтеді, Тәуелсіздік күніне, Наурыз мейрамына орайластырылып концерттер қойылады.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Алты жүз футбол алаңын елестетіңіз. Көрме осынша аумақты алып жатыр. Аумағымен де, ақылды технологиясымен де таңқалдыратын ЭКСПО-2020 көрмесін болашақтың ажары деп сипаттасақ артық емес. Әлемдегі үздік идеялар талқыланып, әлемдегі озық технологиялар осы жерде көрсетіліп жатыр. ЭКСПО-ның біреуін өзінде өткізген Қазақстанның, қай қырынан қарасақ та Дубай көрмесіндегі орыны бөлек.

Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы