Глазгодағы БҰҰ Климат конференциясына Ресей мен Қытай басшылары барған жоқ

Шотландияның Глазго қаласында Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясының 26-сессиясы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгін әлем көшбасшыларының жаһандық жылынуды тоқтатуға қатысты жоғары мінберден сөйлейтін соңғы күні. Ауаны басқаларға қарағанда шамадан тыс ластайтын Ресей және Қытай елдерінің басшылары Глазгоға келген жоқ. Бірақ бейнесәлемдеме жолдады. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ресейдің жылдық орташа температурасы басқа елдерге қарағанда 2,5 есеге жылдамырақ өсіп келеді. Он жыл ішінде ол жарты градустан асқан. Мемлекет шөлейттену және топырақ эрозиясы проблемасына да тап болды. Әсіресе ел аумағының басым бөлігін қамтитын мәңгі тоңның еруі ерекше алаңдатады. Дей тұрғанымен, Ресей жаһандық декарбонизация көшбасшыларының бірі. Соңғы 20 жыл ішінде экономиканың көміртекті белсенділігі жыл сайын 2,7 процентке кеміген. Ал табиғи газ сияқты көміртексіз көздерден алынатын энергия көзінің көлемі артқан. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Ресей бүгінгі жиында бекітуге жіберілген ормандар және жерлерді пайдалану туралы біріккен декларацияның жобасын қолдайды. Оны жүзеге асыруда ормандарды сақтап қалуға қызығушылық танытқан барлық елдермен тығыз жұмыс жасауға әрекет етеді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин пікірін жазбаша жеткізді. Ол форум делегаттарын климаттың өзгеруі мәселелерін шешу үшін ортақ мәмілеге келуге шақырды. 

Қытай Коммунистік партиясы төрағасының пікірінше, барлық тараптар өз уәделерінде тұрып, мақсат-міндеттерін бір қалыпқа түсіруі, ұлт мүдделерін ескере отырып, қолдан келгеннің бәрін жасаулары тиіс. Ал дамыған елдер дамушы мемлекеттерге қолғабыс етулері керек.

«Біз жасыл және көміртегі аз энергетикаға көшуді жылдамдатамыз, жаңғыртылатын энергия көздерін белсенді түрде дамытамыз деді», - деді Си Цзиньпин.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Айта кету керек, кездесулердің жемісті болатындығына ешкім кепілдік бермей отыр. Сауалнамаға қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық тобындағы сарапшылардың 60 проценті Глазгодағы келіссөздердің сәтті аяқталатынына, ал жасалған келісімдердің толық жүзеге асатынына сенбейтіндіктерін айтқан.

Ғалымжан Қараманұлы