Нью-Йорк қаласының 110-шы мэрі анықталды

АҚШ-та кезекті саяси дода аяқталып, бірнеше қаланың жаңа басшылары сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің үлкен мегаполисі саналатын Нью-Йорк қаласында сайлау науқаны тартысты өтті. Эрик Адамс Нью-Йорк қаласының 110-шы мэрі атанды. Осылайша 61 жастағы демократ, сайлаудың шешуші сынында республикалық қарсыласы Куртиз Сильваны (бюллетендер әлі де саналуда) дауыс айырмашылығымен басып озды. Адамсқа дауыс бергендердің дені қаланың кедей бөлігінде тұратын нью-йорктықтар.

Дәлірек айтсақ, Бруклин мен Бронкс  ауданындағы қара нәсілді және латын америкалық сайлаушылар дейді мамандар.

Эрик Адамс, Нью-Йорктың 110-шы мэрі:

– Менің командам маған қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келді. Қазіргі жеңіс тұғырына қалай келуді үйретіп, кеңестерін беріп келді. Енді іске көшетін сәт келді, өйткені мен Нью-Йорк мэрі атандым.

Бұрынғы Нью-Йорк полициясының капитаны өзінің сайлауалды науқанында қаланың сын көтермейтін құқық қорғау жүйесін реформалау мен қоғамдық тәртіпті орнатуды қолға алатынын мәлімдеген еді. Сонымен қатар Адамс білім берудегі олқылықтар мен жұмыссыздықпен күресуді күшейтуге басымдық берді.

– Мен Эрик Адамсқа дауыс бердім. Шынымды айтсам, қаланың мэрі әйел болса екен деп едім. Бірақ кандидаттардың ішінде ұнағаны Адамс қана. Енді қаланың жаңа басшысы Нью-Йорктегі көптеген өзекті мәселелерді шешуі тиіс.

– Үміткерлер қаладағы қауіпсіздікті сақтау, қылмысты азайту туралы көп айтты. Бірақ бұл мәселелермен етене таныс әрі оларды тиімді түрде шеше алатын Эрик Адамс деп ойлаймын.

Адамстың қарапайым отбасынан шыққаны оны халыққа бір табан жақындата түсті дейді мамандар. Сайлауалды науқандағы сөзінде Адамс «Америка әділдік, қауіпсіздік және теңдікті қалайды» деп қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсартуға шақырды.

Нью-Йорк тұрғыны:

– Бізге кезекті саясаткер немесе шенеунік керек емес. Бізге халықтың ортасынан шыққан, қарапайым адам қажет.

Демократ Эрик Адамстың жеңісін тарихи оқиғаға балап жатқандар да көп.  Өйткені ол Нью-Йорк тарихындағы екінші қара нәсілді мэр атанбақ.

Айта кетейік, сайлау қорытындысы аяқталғанымен Эрик Адамс өз қызметіне жаңа жылдан бастап кіріседі.

Авторы: Талғат Алманов