Грузияда короновирус қайта өршіп барады

Қазан айында ғана елдегі мектептер мен балабақшалар ашылып, тіпті саяси шаралар қыза түскен болатын.

Халық санитарлық талаптарды ұмытып, шет елге барыс-келіс көбейген. Грузия халқы вакцина қабылауда да салғырттық танытып отыр. Күн сайын коронавирусты жұқтырған 6 мыңнан аса адам анықталады. Ауыр хәлдегі науқастар мен өлім-жітім көрсеткіші өсті. Күніне бұл дерттен 40-тан астам адам көз жұмады. Вакциналау қарқыны да бәсеңдеді. Егер тамыз айында 63 мың адам екпе салдырса, қазан айында тек 5 мың адам вакцина алған. Қазір Грузияда халықтың тек 33%-і вакциналанды. Ал жуырда жарамдылық мерзімі біткендіктен, AstraZeneka вакцинасының 17 мың данасы қолданылмай қалды. Жергілікті жұрт бұл препаратқа сенімсіздікпен қарайды. Өйткені көктемде оны еккен медбике қайтыс болған еді. Ал арқаны кеңге салған жұрт сақтық шараларын ұмытқан тәрізді.

Амиран Гамкрелидзе, Аурулар мен қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының директоры:

– Эпидахуал қиын. Өкініштісі науқастар саны өсіп келеді. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені азаматтарымыздың жүріс-тұрысы көп. Сондай-ақ маска тақпайды, санитарлық шараларды сақтамайды. Қалың жұрт қатысқан көптеген шара өтті. Мұның бәрі жағдайдың нашарлауына әкелді. Желтоқсан айы күрделі болады. Оған өзге де вирусты аурулар қосылады.

Денсаулық сақтау министрлігі «жасыл төлқұжатты» енгізу жұмыстарына кірісіп кетті. Құжатта вакциналау мен ПТР-тест нәтижелері жөнінде ақпарат қамтылады.

Тамар Габуния, Грузия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– «Жасыл төлқұжатқа» қатысты техникалық мәселелер шешілді. Осындай құжат адамдарға бұқаралық немесе спорт шараларына қатысу үшін қажет. Оны көптеген ел қолданып келеді. 

Үкімет әзірге жаңа шектеулер енгізуді көздеп отырған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын қазіргі ережелер мен нұсқаулықтарды сақтауға шақырды. Сондай-ақ халықтың вакциналауға белсенділігі артады деген үмітте.  

Авторы: Юлия Тужилкина