Германияда екі млн тұрғын қайта вакциналанды

Германияның екі миллион тұрғыны қайта вакциналанды. Қазір жасы жетпістен асқан, қарттар үйінде тұратындар мен олардың күтушілері және олармен жақын араласатын әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлерге үшінші екпе алу нұсқауы берілді.

Алайда неміс саясаткерлері індеттің өршуіне байланысты халықты жаппай ревакциналауға шақырып жатыр. Дегенмен, бұл шешімді вакциналау бойынша Комиссияның сарапшылары қабылдауы тиіс. Егер тиісті нұсқау берсе, осыдан жарты жыл бұрын екінші екпе алған адамдар үшінші екпе салдыра алады. Қазір вакцинаны үй дәрігерлері, жылжымалы станциялар мен бригадалар салып жүр. Бұдан бөлек екпе салу орталықтары ашылуы мүмкін. Гамбург университеті өткізген сауалнамаға сәйкес, толық вакциналанған адамдардың 80%-і үшінші екпе алуға дайын. Ал қазір Германия халқының 67 проценті толығымен вакциналанды.

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі қызметін атқарушы:

- Соңғы үш айда, яғни бүгінгі күнге дейін Германияда 2 миллиондай адамға үшінші екпе салынды. Бұл тым аз. Қайта вакциналаудың қарқыны төмен екенін ерекше атағым келеді.