Глазгодағы белсенділер экологияға назар аударту үшін барын салуда

Глазгода өтіп жатқан БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясында экобелсенділер түрлі шара өткізіп жатыр. Бірі кино кейіпкерлерінің кейпіне енсе, енді бірі театрландырылған қойылым ұйымдастырды. Осылайша олар көптің назарын экологиялық мәселелерге бұрмақшы.

Шотландияның Глазго қаласында балық-адамдар пайда болды. Бастарына балық маскасын, үстеріне саммит делегаттары секілді костюм киген «Ocean Rebellion» тобының белсенділері, шамадан тыс балық аулау мәселесіне көбірек көңіл бөлу керегін талап етіп, көшеге шықты. Наурызда айында Nature журналы жариялаған зерттеу нәтижесіне сәйкес, ғалымдар арнайы аумен балық аулау кезінде бөлінетін көміртек диоксид көлемі әлемдік авиация саласымен бірдей деген қорытындыға келген. 

Лаура Болдуин, «Ocean Rebellion» тобының мүшесі:

- Біз аумен балық аулауды тоқтатуды талап етеміз. Біздің үндеулеріміз көптеген жұмыс орнын қысқартуға әкелетінін түсінеміз. Сондықтан саммит делегаттары мен әлем елдері басшылары осы салада қызмет етіп жүрген азаматтардың жұмыссыз қалмай, қосымша білім алып, басқа мамандыққа ауысулары үшін белгілі бір мерзімді белгілеуге шақырамыз. 

Пикачулар Жапонияны көмірден бас тартуға шақырды

Жалпы Глазгода климаттық саммит басталғалы экобелсенділер түрлі тақырыптар мен мәселелерді көтеріп, билік өкілдеріне сан алуан үндеу тастап жатыр. Көптің назарын өздеріне аудару үшін демонстранттар тіпті неше түрлі айла-тәсіл қолдануда. Соның бірі жуырда Клайд өзенінің жағасында өтті. Аниме кейіпкері - Пикачу-покемондары киімін киген бірнеше белсенді жапон үкіметін көмірден мүлдем бас тартуға шақырды. Айта кетейік, Жапонияның атом энергетикасы 2011 жылы Фукусимада болған апаттан кейін қиын кезеңді бастан өткеріп келеді. Сондықтан ішкі сұранысты толықтай қамтамасыз ету үшін көмірмен жұмыс істейтін тағы бірнеше станция соғылып жатыр.

Аюми Фукакуса, экобелсенді:

- Осы саммитті ұйымдастырып отырған Ұлыбритания әлем елдерін біртіндеп көмірден бас тартуға шақырып жатыр. Бірақ жапон үкіметінің бұл мәселеге қатысты ешқандай жоспары жоқ. Керісінше, ел ішінде көмір электр станцияларын соғумен әлек.

Экобелсенділер климаттық дағдарысты ойынға айналдырмауға шақырды 

Әлемді шулатқан Netflix-тің «Кальмар ойыны» телехикаясы экобелсенділерді шабыттандырса керек. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, АҚШ президенті Джо Байден мен Франция басшысы Эммануэль Макронның суреті бейнеленген маскаларды киіп, жүзін жасырған шерушілер арқан тартысты. Осылайша олар әлем көшбасшыларын климаттық дағдарысты ойынға айналдырмауға шақырды. 

Крис Венаблс, Green Alliance жетекшісі:

- Бұл өте үлкен саммит. Бірақ істен гөрі сөз көп. Климаттың өзгеруі әлем халқы алдында тұрған ең өзекті мәселе. Оның әсері бәріне тиеді. Десе де, осы бір түйткілді шешуде ешқандай ілгерілеу көрінбейді. Осыған байланысты біз арқан тартысу арқылы «ойын ойнауды доғарып, бұл іске барынша жауапкершілікпен қараңдар» дегіміз келді.  

Мұздықтар «мұңы»

Арктикадан әкелінген айсберг. Arctic Basecamp белсенділерінің оны Глазго төріне жеткізуі бекер емес. Осылайша экобелсенділер климаттық саммитке жиналған мемлекет басшыларының назарын мұздықтар мәселесіне аудармақ болды. Өйткені олардың еруі шартараптың экономикасына да, экологиясына да орасан шығын әкеледі дейді олар.

Гейл Уитеман, ARCTIC BASECAMP негізін қалаушы, профессор:

- Ғылыми деректерге сүйенсек, мәңгі мұз жапқан аймақтағы жағдай қазір өте күрделі. Одан келер қауіп-қатердің адамзат қоғамына оңай тимесі анық. Себебі Арктика планетамыздың негізгі циркуляциялық жүйесінің бірі болып саналады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Арктикадағы ақ құрсаудың жойылуы жаһандық жылынуды 25-40 процентке жылдамдата түседі.  

Қазіргі таңда әлемдегі өзекті мәселелердің бірі мұздықтардың еруі. Өкінішке орай, қазіргі таңда Арктиканың да, Антарктиданың да мұз қабаты кесек-кесегімен опырылып жатыр. Бірақ әлем көшбасшылары  айсбергтердің еруін тоқтатуға қатысты ортақ шешімге келсе, мәңгілік мұздарды сақтап қалуға мүмкіндік пайда болар еді.

Сондай-ақ...