Гаитидегі банктер жұмыс уақытын қысқартады

Гаитиде жанармай тапшылығынан банктердің жұмыс уақыты қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жанармай тапшылығы себеп. Дүйсенбіден бастап жергілікті банктер аптасына үш күн түске дейін ғана жұмыс істейді. Елде бірнеше айдан бері жанармай тапшы. Өйткені оны тасымалдайтын жолдарда қарулы топтардың шабуылы жиілеп кеткен. Ол аздай жанармай көлігінің жүргізушілері жалпыұлттық ереуілге шығып, жағдайды ушықтырып жіберді. Салдарынан түрлі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компаниялар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр.

Ивенер Густав, жергілікті тұрғын:

– Бар ойым - елден кету. Мен жүргізуші болып қызмет етемін. Алайда жанармай тапшылығына байланысты жұмыссыз отырғаныма бір айдай боп қалды. Балалардың мектебі мен пәтер ақысын төлеу керек. Сондықтан мен үшін қазір көлігімді сату маңызды. Сол ақшаға басым ауған жаққа кете беремін.