Тәліптер Қытайға үлкен үміт артып отыр

Тәліптердің уақытша үкіметі экономикасындағы қиындықтарын еңсеру үшін өзге елдермен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Әсіресе, Қытайға үлкен үміт артып отыр.

Қазір тәліптерге саяси қолдау мен қаражат керек. Ал Қытайдың мұны қамтамасыз етуге мұршасы бар.

Забихулла Муджахид, «Талибанның» ресми өкілі:

– Қытай – аймағымыздағы өте маңызды ел, экономикалық және стратегиялық жағынан өте күшті. Ауғанстан Қытай үшін үлкен нарыққа айналуы мүмкін. Бұл елдің кәсіпкерлері Ауғанстанға инвестиция құйып, пайдалы қазба кеніштерін барлауға көмектесе алады. Бейжіңнің де Ауғанстанда экономикалық мүдделері бар. Таулы өңірде орналасқан бұл ел темір, мыс, алтын, сирек кездесетін металдар секілді пайдалы қазбаларға бай. Сондай-ақ Жаңа Жібек жолындағы транзиттік елге айналуы мүмкін. Осы аптада Ауғанстаннан Шанхайға ұшақпен 45 тонна балқарағайдың жаңғағы жеткізілді.

Ван Вэньбинь, Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Балқарағай жаңғақтары қытайлықтарды дәмді тағаммен қамтумен қатар, Ауғанстанға қосымша табыс әкеліп, көптеген фермерлерінің тұрмысын жеңілдетеді.  Қытай ауған халқына қолынан келгенше қолдау беріп, көмек көрсетуін жалғастырады.

Сонымен қатар осы аптада алғаш рет БҰҰ-ның қайырымдылық көмегі тікелей Кабул әуежайына жеткізілді. Бұл ұшақ баспанасыз қалған адамдарға қысқы киім мен жылы көрпелер әкелген. Ұйым мәліметі бойынша, елдегі шиеленіс кесірінен үш жарым миллиондай адам үйлерін тастап, босуға мәжбүр болды. БҰҰ биыл Ауғанстан тұрғындарының қажеттеріне 606 миллион доллар сұрап, 11 миллион адамға жәрдем беруді көздеген болатын. Алайда қазіргі кезде бұл соманың тек жартысы жиналды. Ұйым өкілдері, алдағы қыста милиондаған ауған аштыққа шалдығуы мүмкін деп ескертті.