Грузиялық оппозиция сайлау қорытындысын мойындамады

Грузияда оппозиция өкілдері сайлау қорытындысын мойындамай отыр. Қазір елде ереуілдер жиілеп кетті.

«Грузин арманы» билік партиясы 64 қала 63 ауданда сайлаушылардың басым дауысын жинап, жеңіске жеткен еді.  Ал оппозициялық ұстанымдағы «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы шалғайдағы бір ауданда ғана басым түсті. 

Орталық сайлау комиссиясы сайлау күні 366 шағым түскенін және көбі процедуралық кемшілік екенін айтты. Ұлтшылдар билікті сайлау нәтижесін бұрмалады деп айыптап, экс-президент Михаил Саакашвили отырған түрменің жанында шеру ұйымдастырды. Олар билікке бейбіт түрде жетеміз дегенімен шеру кезінде адам өлімі  болды.

Елдің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан соңғы жаңалықтарда бір адамның мерт болғаны айтылды. Оның нақты неден көз жұмғаны белгісіз. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін, екі адам қамауға алынған. Бірақ Грузия ішкі істер министрлігі мен құзырлы органдардан нақты ресми ақпарат жария етілген жоқ. Саакашвили жақтастары шерулетіп жүргенде, экс-президенттің шағын ыдыстан ас ішіп отырған видеосы тарады. Бұл кадрларды Грузияның арнайы қызметі 6 қараша күні жариялаған-деп хабарлайды Рейтер агенттігі. 

Саакашвили бірінші қазан күні қамауға алынып, түрмеде аштық жариялаған болатын. Ал шерушілер қойған талабымыз орындалмаса, наразылықты тоқтатпаймыз деп отыр.