433,56 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлем елдерінде балаларға вакцина салып жатыр

  • 136
  • UPD: 20:13, 08.11.2021
Әлем елдерінде балаларға вакцина салып жатыр

Венесуэлада 2 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Науқанды ел президенті Николас Мадуро денсаулық сақтау мәселелеріне арналған жиналыста бастап берді.

Айтуынша, Венесуэлада халықтың 70 проценті екпе қабылдаған. Олардың қатарын қараша айының соңына дейін 80 процентке жеткізу жоспарланып отыр.

Лисбет Товар,  ата-ана:

- Қатты уайымдап жүрмін. Өйткені кейінгі күндері ауру-сырқау көбейді. Вирус тез тарап жатыр.

Камбоджада 5 жасқа дейінгі балаларға вакцина салынып жатыр    

Камбоджада 5 жасқа дейінгі балаларға қытайдың «Синовак» вакцинасы салына бастады. 2 дозаның арасы 28 күн болуы тиіс. Бұл елде жасы 6-дан асқан буынды егу шарасы аяқталған. Ресми мәлімет бойынша Камбоджада 16 миллион халықтың 13 миллион 700 мыңы толық вакцина қабылдаған. Бұл жоспар 8 ай ерте орындалған.

Коста-Рика балаға вакцина салуды міндеттеді    

Коста-Рика 5-тен 11 жасқа дейінгі балаларға вакцинаны мәжбүрлі түрде салады. Науқан келесі жылдың наурызында басталады. Осылайша бұл мемлекет әлемде екпе алуды міндеттеген алғашқы елге айналды. Үкімет американдық Pfizer компаниясымен балаларға арналған препараттың 1 жарым миллион дозасын жеткізу бойынша келісім-шартқа отырған.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 12 мен 19 жас аралығындағы жеткіншектердің 73 проценті осыған дейін бір дозаны алып үлгірген.

АҚШ: бастауыш мектептерде вакциналау орталықтары ашылады 

АҚШ-та алдағы аптадан бастап бастауыш мектептерде балаларға арналған вакциналау орталықтары ашылады. Мұндай тапсырманы тікелей Джо Байден әкімшілігі берген. Сондай-ақ Білім беру департаменті вебинарлар өткізуді ұсынып отыр. Онда ата-аналар дәрігерлермен тікелей сөйлесіп, екпе шарасына қатысты сұрақтарын қоя алады. Егер мектептер вакциналау орталығын өзінде ашуға қарсы болса, онда отбасылар ауруханаларға немесе басқа құзырлы орындарға келіп, салдыруына болады. АҚШ-та 4 қарашадан бері балаға вакцина салдыру үшін 250-ден астам отбасы кезекке тұрған

- Бұл тұмауға қарсы екпе сияқты. Вакцина салу тіпті 2 минутқа да жетпеді. Бірнеше секундқа ғана созылды.

- Енді өзімнен жасы үлкен туған-туыстарыммен еш кедергісіз кездесе аламын. Осы жағы күшті болып тұр.

Джефф Госсетт, балалар кардиология бөлімінің басшысы:

- Балалар кардиологы ретінде балалардың ковидтен көз жұмған, ауырып қиналған сәттерін көп көрдім. Енді қызымның осы жаман аурудан сақтана алатынын көріп, қуанып отырмын. Дәрігер әке ретінде вакцинаға сенемін.

Италияда балаларды вакциналау желтоқсанда басталады 

Италия 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға вакцина салуды желтоқсанда бастайды. Бұл үшін жергілікті құзырлы мекеме мен Еуропаның Дәрі-дәрмек агенттігінің келісімі қажет. 12 мен 19 жас аралығындағы жеткіншектердің 70 процентіне вакцина салынған. Бұл елде 5 пен 11 жас аралығында 3 миллион 200 мың бала бар. Денсаулық сақтау министрлігі олардың 50 процентін иммундау қажет деп біледі. Италияда коронавирус жұқтырғандардың 25 проценті бала.

Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы