Оңтүстік Кореяда  «Жасыл» теміржол жүйесі жүзеге аспақ

Оңтүстік Корея электр пойыздарын көбейтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ауадағы зиянды заттардың көлемін жылына 70 мың тоннаға дейін азайтады. Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің есебі осындай. Ал теміржол бойы күн батареяларын пайдаланып электр энергиясын өндіруді мықтап қолға алмақ.

Владислав Цой, тілші:

– Кореяда ең экологиялық таза көлік құралдарының  бірі - теміржол. Бұл саладағы бүкіл машинаның 93 проценті электр қуатымен жұмыс істейді. Қалған 7 проценті дизель отынымен жүреді.

Бұл электр пойызы сағатына 300 шақырымға дейін жылдамдықпен жүреді. Сондай-ақ бір мезетте 381 жолаушыны тасымалдай алады. Өз кезегінде парниктік газдар шығарындыларын азайтуға көмектеседі. Өйткені пойызға көп жолаушы отырса, бензин мен дизель отынымен жүретін көліктер мен автобустар аз пайдаланылады. Сонымен қатар теміржол учаскелеріне күн панельдерін орнату жоспарланған.

Ким До Хан, Корея жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бөлім бастығы:

– Вагон деполары мен станцияларында күн панельдері арқылы жылына 32 миллион киловатт-сағат электр қуатын өндіретін боламыз. Бұл энергия 10 мың шаруашылыққа бір жылға жетеді. Парниктің газ шығарындыларын азайтудың әсері жыл сайын 2 миллионнан астам қарағай отырғызғанмен бірдей болады .

2030 жылға қарай Кореяның темір жол көлігінде дизель отыны орнына электр қуаты пайдаланылады. Ал 20 жылдан кейін электр пойыздарын сутекті пойыздарға ауыстыру жоспарланған.

Ким До Хан, Корея жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бөлім бастығы:

– 2030 жылдан кейін тек электрлендіру мүмкіндігі жоқ учаскелерде ғана 40-қа жуық дизельді көлік жүре береді. Үкімет 196 дизельді вагондарды төтенше жағдайда пайдалану үшін қалдырады. Әскери қимылдар болған жағдайда, электр қуаты болмай қалған кезде дизельдік пойыздар әскери техниканы тасымалдайды.

Кореяда сутегі локомотив технологиясы бар. Сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүретін көлік бір зарядпен мың шақырымды еңсереді. Жобаны келер жылы аяқтау жоспарланған. Әлемдегі алғашқы сұйық сутегі локомотиві ескі тепловоздарды алмастырып, Корей түбегінде ғана емес, сондай-ақ Еуразия елдерінің аумағында да қолданылуы мүмкін.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян