Еуроодақ Беларуське жаңа санкциялар салмақ

Еуропалық Одақ Польша мен Беларусь шекарасындағы жағдайды бақылауға алып, Минскке жаңа санкциялар салмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шектеу Беларусьтің мигранттарды өз мақсатына пайдалануы себепті туындап отыр. Брюссельде Еурокомиссия өкілі Питер Стано осылай деп мәлімдеді. Еуопалық Одақ бұл мәселеге қатысты босқындар шыққан Ауғанстан мен Таяу Шығыс және транзиттік елдермен де бірлесіп әрекет етуге ниетті.

Питер Стано, Еурокомиссияның ресми өкілі:

– Еуропалық Одақ елдерінің көшбасшылары қазан айындағы саммитте біз гибридтік қауіп-қатерге тап болғанымызды айтып, мәселе жауапсыз қалмайтынын ескерткен. Сондықтан Еурокеңес аумағында мигранттармен бірге өзге де төнген қауіп-қатерлер бойынша Беларусьқа санкцияларды көбейту жайы талқыланып жатыр.  Еуроодақ үшін бұл шұғыл іс. Ол қарашаның 15-і күні Брюссельде Одақтың сыртқы істер министрлері кеңесінде талқыланады.