Украинада жалған COVID-сертификат саудасы тыйылмай тұр  

Бұл елде «вакцина салдырған» деген жалған құжат жасату қиын шаруа емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Киевтегі әр оныншы тұрғынның сертификаты жалған екенін тексеріс анықтады. Ал елде эпидахуал қиындап тұр. Кейінгі күндері 25 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Тіпті бір күнде мыңға жуық науқас қайтыс болды.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Бүгінде Украинадағы қоғамдық орындарға ковид-төлқұжатынсыз аяқ аттап басу мүмкін емес. Киев қаласын қосқанда 15 ірі облыс «қызыл аймақта». Елде қайтадан қатаң карантиндік шектеулер енгізілді. Онлайн оқуға ауысқан мектеп оқушылары дәстүрлі офлайн форматқа эпидахуал оңалмайынша оралмайды. Оның үстіне интернетте де, медициналық қызметкерлер арасында да жалған COVID-сертификат саудасы тыйылмай тұр. Украина билігі алаяқтарға қарсы шараны күшейтті.  

Виктор Ляшко, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

– Мен Жоғарғы Радада денсаулық сақтау саласына қатысты заңнамалық актілердің жобасын қолдаған Украина халық депутаттарына алғыс білдірем. Атап айтқанда, олар профилактикалық егу туралы жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленетін заң жобасын қолдады. Заң нормасы бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық вакцинацияның жалған құжатын жасағаны үшін және оны пайдаланғаны үшін 17 мыңнан 34 мың гривенге дейін айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Үш күн бұрын Украинаның халықаралық «Борисполь» әуежайында құқық қорғау қызметкерлері 17 ковид төлқұжатының жалған екенін анықтады. Күдікті 250 еуроға медициналық қызметкерлердің көмегімен электронды денсаулық сақтау жүйесінің деректер базасына ковидке қарсы вакциналау туралы ақпаратты енгізіп, жалған құжат жасап беріп отырған.

Наталья Калиновская, ұлттық полиция байланыс секторының бастығы:

– Хмельницкий облысының полицейлері ковидке қарсы жалған вакцинация сертификаттарын жасап жүргендердің сыбайлас жемқорлық схемасын ашты. Оны ұйымдастыруға облыстағы аурухана дәрігерінің де қатысы бар екені анықталды. Ол келісілген ақыға жалған екпе жасауға қажетті деректерді базаға енгізіп, сондай-ақ ковидке қарсы вакцинация туралы сертификат алуға кепілдік беріп отырған. Қазір оның қызметіне жүгінгендердің де жеке тұлғалары анықталып жатыр. Заң бойынша қызметін асыра пайдаланған лауазымды тұлғалар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазір тұрғындардың 40 проценті, яғни 19 млн украиналық екпенің алғашқы дозасын алып үлгерген. Вакцинация елде тегін. Ал Украинаның денсаулық сақтау министрлігі ауыр халде ауруханаға жатқызылғандардың 93 процентінде екпе болмағанын айтып, дабыл қағып, халықты жалған вакцина емес, мемлекеттің тегін екпесін алуға шақырды. Өйткені соңғы тәулікте Украина бойынша 25 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, бір күнде 793 науқас көз жұмды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Сондай-ақ...