Грузия оппозиционерлері Михаил Саакашвилиді босатуды талап етеді 

Грузияда жұрт қайта көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашулы халық Михаил Саакашвилиді босатуды сұрайды. Абақтыда отырған экс-президенттің аштық жариялағанына 40 күн болды. Енді денсаулығы нашарлай бастан. Оппозиция көшбасшылары 6 қарашада оны ауруханаға ауыстырмаса халықты бастап ереуілге шығатынын ескерткен. Бірақ бұған құлақ асқан Үкімет жоқ. Ем-домды түрмеде жасаған. Сөйтіп Тбилисидің қақ ортасына бұрынғы президентті жақтап 20 мыңға жуық адам жиылды. Алайда осының алдында ғана Саакашвилиді Руставиден жасырын түрде Тбилисидегі Гланд ауданындағы түрме ауруханасына ауыстырғаны белгілі болды.

Лана Гвинджилия, наразылық акцияға қатысушы:

– Билік президенттің өлімін қалайтынын өз әрекеті арқылы көрсетті. Бұл - қылмыс.

Әділет министрлігі хабарлағандай, Саакашвилидің Глад түрмесіне ауыстырылғаны жайында ақпаратты ешкім растай алмай отыр. Оның денсаулығы жайында да хабар жоқ. Отбасы мен дәрігерін алдап оны басқа жерге көшірген.

Георгий Хархели, наразылық акцияға қатысушы:

– Грузияның еркіндігін, үшінші президенттің бостандығын қалаймыз. Сол себепті халық осы жерге жиналып отыр. 

Жиылған жұрт түрме ауруханасында емдеуге жағдай жоқ деп, Саакашвилидің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады. Әділет министрлігі оны денсаулығына қарап, басқа абақтыға көшірілгенін жеткізген. Алайда экс президенттің емнен бас тартып, аштық акциясын жалғастырып жатқаны белгілі. Қазір ол жеке палатада жатыр. Оның жақтастары елде жаңа сайлау өткізуді және экс-президенттің бостандығын талап етіп мемелекеттік мекемелер алдында акциялар ұйымдастыратындықтарын жариялады.