Францияда дін қызметкерлері балаларды зорлауға қатысты жауапкершілікті мойындады

Франция католиктік шіркеуі балаларды зорлау ісіне қатысты жауапкершілікті мойнына алып, келітірлген нұқсанды өтеуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іске қатысты шіркеудің өзі құрған тәуелсіз комиссиясының есебінен кейін епископтар конференциясы өз шешімін шығарды. Оған сай Францияда дін қызметкерлерінің зорлауына ұшыраған адамдарды мойындау бойынша тәуелсіз ұлттық орган құрылмақ. Жапа шеккен жандарға келтірілген залалды өтеу үшін арнайы қор жасақталмақ. Шіркеу мұндай істерді тергеуде әділет органдарымен ынтымақтасып, жеке ішкі қылмыстық трибунал құруға да ниетті.

Еске сала кетейік, Францияда соңғы 70 жылда шіркеу қызметкерлері кәмелетке толмаған 216  мың баланы зорлаған.

Эрик Де Мулен-Бофор, Франция епископтарының конференциясының төрағасы:

– Шіркеу дін қызметкерлерінің жасөспірімдерді зорлауына қатысты институционалдық жауапкершілікті мойындап, маңызды қадам жасады. Мұндай әрекет жаппай көрініс алғанына қарамастан оларды тоқтату үшін тиісті шаралар қабылданбай, құрбандар қажетті көмек ала алмаған. Біздің міндетіміз осы олқылықтардың орынын толытырып, жапа шеккен адамдарға қолдау көрсету.