Бельгияда цифрлық заңға жаңа түзетулер енгізілмек

Брюссель қаласында өткен Еуропарламент отырысында цифрлық нарықтағы заңға қатысты түзетулер жайында сөз қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Facebook компаниясының бұрынғы қызметкері Френсис Хаугенның айтуынша, еңгізілетін жаңа талаптар әлеуметтік желілердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құжат барлық ірі технологиялық компанияларға қатысты болмақ. Фрэнсис Хауген Facebook платформасын қолданушылардың қауіпсіздігіне емес, компанияның табысына басымдық береді деп айыптады. Сол себепті Еуроодақтың цифрлық заңы бойынша онлайн платформалар заңсыз контенттері үшін жауапқа тартылуы тиіс деген талап қойды.

Айта кетейік, жуырда Facebook компаниясының басшысы биыл қауіпсіздік мәселесіне 5 млрд ақш долларын жұмсайтынын хабарлаған еді.

Френсис Хауген, Facebook компаниясының бұрынғы қызметкері:

– Facebook компаниясының өнімдері балаларға зиян келтіріп, қоғамда алауыздық тудырады. Демократиямызды шайқайды деп ойлаймын. Компания басшылығы Facebook пен Instagram-ды қауіпсіз етудің амалын білсе де, еш шара қолданбай отыр. Өйткені халықтың мүддесінен гөрі компанияның табысы маңыздырақ. Еуропарламент қарастырып отырған цифрлық заң жалпыға бірдей стандартқа айналуы керек.