Израиль шетелдік туристерді қабылдай бастады  

Израиль шетелдік туристерді қабылдай бастайды. Тек олар вакцина алған болуы керек. Егілмегендерге, елге келуге рұқсат жоқ. Ал вакцина салдырдым дегендердің, ковид-төлқұжаты мұқият тексеруден өтеді.

Бен-Гурион әуежайында адам қарасы көбейді. Рейстер жанданып, жолаушылар саны артты. Дәл екі жыл бұрынғыдай күніне 50 мың адам болмаса да, елге саяхаттап шетелден туристер келе бастады.

Эсти Стеллер, турист:

– Ғажап сезім! Израильге келгенімізге қуаныштымыз. Бірнеше айдан кейін толық құраммен келдік, өйткені Израиль – баруға тұрарлық жер.

Израильге вакцина алған туристер ғана келе алады. Тіпті бастапқыда билік тек үшінші екпе салдырғандарға рұқсат етпек болған. Алайда әлем бойынша бустерлік доза алғандардың саны тым аз. Сондықтан екі екпе алғандарды кіргізіп жатыр, бірақ соңғы вакцина мерзімі жарты жылдан аспауы тиіс. Елге келген қонақтар міндеттті түрде ПТР-тест тапсырып, нәтижесі белгілі болғанша қонақ үйден шықпай отырады.

Фейсал Абу Майялин, кәдесый дүкенінің иесі:

– Бәрі бұрынғыдай болады деп үміттенеміз. Бірақ жағдай әлі де күрделі деп ойлайм. Туризм қалпына келгенше, көп уақыт керек. Десе де туристер көптеп келеді деген сенімдеміз.

Қазір елде «5 пен 12 жас аралығындағы балаларды вакциналау қажет пе?» деген өзекті мәселе шешіліп жатыр. Мамандар бірауыздан екпе салу керек дейді.

Шарон Праис, Израиль денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық бөлімінің жетекшісі:

– Екпе алмаған халықтың жалғыз тобы – балалар. Олардың саны көп. Соңғы айларда балалар арасында аурудың асқынуы жиілеп кетті. Оларды қорғап қалуға тиіспіз. Зерттеулер вакцинаның балаларға қауіпсіз екенін көрсетті.

Алдағы бірнеше күнде денсаулық сақтау министрлігі осы мәселе бойынша шешімін шығаруы тиіс. Егер оң қолдаса, елде балаларды вакциналау дереу басталады. Дегенмен, екпе балаға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Авторы: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...