Беларусь: Польшаның айып тағуына негіз жоқ

Бұған дейін Польша тарапы шекарадағы жағдайға Беларусты кінәлаған еді. Елдің сыртқы істер министрлігі жағдайдың ушығуына жауапты жеке және заңды тұлғаларға санкция салуды талап етіп отыр. Ал беларус тарапы Польшаның мұндай ауыр айып тағуға еш негізі жоқ дейді.

Польша Беларуспен арадағы шекараға 12 мың әскерін тартты. Қазір онда 4 мың шекарашы мен 1,5 мың полиция қызметкері тұр. Мұның бәрі қоғам қауіпсіздігін қамту мақсатында жасалып отыр. Азия және Африка елдерінен ағылған босқындар легі Польша мен Беларусь шекарасына бет алғаны туралы айтқан едік. Екі мыңнан астам келімсек Польша шекарасының маңына жиналған. Кейбірі тіпті қоршаудан өрмелеп өтпек болған. Алайда польшалық шекарашылар оларды беттетер емес. Елдің қарулы күштері техникасын шекараның бойымен тізіп қойған.

Пётр Мюллер, Польша үкіметтің ресми өкілі:

– Қазіргі таңда Польшаның ондаған мың шекарашысы, әскері мен полиция қызметкері шекараға тартылған. Алдағы уақытта бұл күшті тағы да нығайта түспекпіз. Әсіресе, босқындар шекараны заңсыз кесуге тырысып, шиі шабуылдайтын жерлерге көбірек күш тартатын боламыз.