АҚШ вакцина салдырғандар үшін шекарасын ашты  

Пандемия басталғалы АҚШ алғаш рет шекарасын ашты. Бұдан былай Құрама Штаттарға 33 елден саяхатшы келе алады. Ал Еуропада керісінше коронавирус қайта өршіді. Германия мен Австрияда ковид жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркеліп, шектеу енгізіліп жатыр.

АҚШ-тағы әуежайларда жұрт қарасы қалың. Еуропа мен Латын Америкасынан ағылған халық жақындарымен қауышып, көңілдері толқып жүр. Құрама Штаттар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ресми Вашингтон мойындаған вакцинаны толық салдырған жолаушыларды қабылдай бастады. Саяхатшылар вакциналау куәлігін немесе ұшып келгенге дейін 72 сағат ішінде тапсырылған ПТР-тест теріс нәтижесін көрсетуі тиіс. Карантин міндетті емес. Бұл елге шетелдіктердің келуіне 2020 жылдың наурызында тыйым салынған еді. Шектеу алынған бетте АҚШ-қа әуе билеттері мен қонақ үйлерді жүздеген мың адам брондап үлгерген.

АҚШ-пен арадағы шекараның ашылғанын британиялықтар ән-бимен қарсы алды. Әсіресе 1 жарым жылдан бері көріспеген туған-туыстың қуанышында шек жоқ. Лондонның халықаралық әуежайы алғашқы жолаушыларын мұхит асырды.

Бауырымды бірінші рет көргелі тұрмын. Ол анамның тұңғыш немересі. Бір жасқа енді ғана толды. Қатты толқып тұрмыз. Ағам мен әпкемді көрмегелі де 2 жылдың жүзі болды.

РЕСЕЙДІҢ 9 ЕЛМЕН ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Ресей әуе қатынасын 9 елге қайта жандандырды. Олардың қатарында Нидерланд, Норвегия, Швеция, Оман, Багам аралдары, Иран, Таиланд, Словения мен Тунис бар, Соңғы үшеуіне «Спутник V» салдырған ресейлік туристер бара алады. Барлық жолаушы қонақ үйде бір апталық карантиннен өтуі тиіс.

АВСТРИЯ ВАКЦИНА САЛДЫРМАҒАНДАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЙДЫ 

Австрияда вакцина салдырмағандар үшін локдаун енгізілді. Қоғамдық орындарға екпе алғандар мен коронавируспен ауырып, жазылғандар ғана бара алады. ПТР тестінің теріс нәтижесін тапсырғандар да ковид-куәлігінсіз емін-еркін жүре алмайды. Австрия халқының тек 63 проценті вакцина салдырған. Бұл ЕуроОдақтағы ең төменгі көрсеткіштің бірі.

ГЕРМАНИЯДА КОРОНАВИРУС ӨРШІП БАРАДЫ

Германияда бір күнде ковид жұқтырғандар саны 15 мыңнан асты. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 6 мың адамға көп. Роберт Кох жұқпалы аурулар институтының мәліметі бойынша, бұл пандемия басталғалы бір аптада тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш. Дәрігерлер жансақтау бөліміне түсетін науқастар саны 2 есе көбеюі мүмкін деп қауіптенеді. Елде вакциналау қарқыны өте бәсең. Бүгінге дейін халықтың 67 проценті ғана толық вакцина салдырған.

Сондай-ақ...