Таулы Карабахтағы соғыстың аяқталғанына бір жыл толды

Бүгін Таулы Қарабахтағы соғыстың аяқталғанына тура бір жыл. Былтыр дәл осы күні Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары аймақтағы әскери жанжалды тоқтату туралы келісімге қол қойған еді. Енді міне Әзербайжан жұрты жеңіс мерекесін тойласа, армян халқы бұл жағдайға наразылық білдірді. Сонымен соңғы бір жылда Карабахта не өзгерді?

Қарт Каспийдің арғы бетіндегі Бакуда бұл күндері той. Тек Бакуда ғана емес, бүкіл Әзербайжан халқы бөркін аспанға атып, «жеңіс» тойын тойлап жатыр. Былтыр Әзербайжан мен Армения Таулы Карабах үшін 44 күн бойы қиян-кескі шайқас жүргізген еді. Нәтижесінде аталған аймақтың біраз бөлігі Бакудың бақылауына өтті. Осыған байланысты әзербайжан азаматтары ту ұстап, атқа мініп маршқа шықты.

Жеңіс тойынан ел президенті де шет қалмай Таулы Карабахтың стратегиялық маңызды нүктесы саналатын Шуша шаһарына жауынгерлерді жиып, арнайы сөз сөйледі.

Ильхам Алиев, Әзербайжан Президенті:

- Бұдан былай, біз тек жеңімпаз мемлекет, жеңіске жеткен ел ретінде өмір сүреміз. Біз Карабах пен Зангезур жерінде мәңгі өмір сүреміз.

Соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай Әзербайжанның әр жерінде осылай жиындар мен басқосулар өтіп жатса, Арменияда жағдай басқа. Ереванда оппозициялық партиялар алаңға жиналып, соғыстан жеңіліс тапқандары үшін ел премьер-министрін айыптады. Өз кезегінде үкімет басшысы Карабахтағы қақтығысты тоқтату туралы келісім сақталмай жатқанын мәлімдеді.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Мұндай жағдайлар жіті тергеледі деп үміттенеміз. Бұдан бөлек 9 қараша күнгі мәлімдемеге сәйкес, армян тұрғындарының Шуша мен Гадрут ауданына оралу құқығы жүзеге аспай отыр.

Тура бір жыл бұрын Ресейдің араағайындымен Әзербайжан мен Армения елдері Таулы Қарабақтағы әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келген еді. Сөйтіп, Таулы Карабахтағы шектесу сызығы мен Лачинский дәлізінің бойына ресейлік бітімгер әскерилері орналастырылды. Өткен бір жылда шекарада оқта-текте оқ атылғаны туралы хабарлар тарады. Соған қарамастан тараптар ашық ұрысқа барған жоқ. Шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе – Армения, Әзербайжан түрмелеріндегі әскери тұтқындарды елге қайтаруды талап етіп келеді. Ал ресми Баку оларды тек мина табатын картаға айырбастайтынын айтуда. Қазір екі елдің шағымдары Гаагадағы халықаралық сотта қаралып жатыр.

Тағы не өзгерді? Мәселен, Әзербайжан Шуша қаласын алған бойда оны қайта салуға кірісті. Бірнеше ай ішінде Физули ауданынан Шушаға дейін су жаңа автожол салынды. Бұдан бөлек қақтығыстан кейін қаңырап, тұрғын үйлері үйіндіге айналған Физули қаласында сән-салтанаты келіскен әуежай пайда болды. Оны Әзербайжан басшысы жуырда Түркия президентімен бірге салтанатты түрде ашты.

Ал Арменияда керісінше саяси дағдарыс орнап, ел ішінде жаппай ереуіл басталды. Халық үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Соған қарамастан 20 маусымда өткен сайлауда Никол Пашинянның партиясы жеңіске жетіп, парламенттегі басымдыққа ие болды. Тек осыдан кейін ғана Пашинян үкіметі жуырда ғана жау санаған елмен екі-жақты қарым-қатынасты жақсартып, аймақтағы көлік және энергетикалық инфрақұрылымды реттеуге бет бұра бастағандай. Сарапшылардың сөзінше, екі ел арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік орнауы үшін экономикалық байланыс күшейе түсуі тиіс.

Ғани Мұқашұлы

Сондай-ақ...