434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Беларусь-Польша шекарасындағы жағдайға көптеген ел алаңдап отыр

  • 116
  • UPD: 13:18, 10.11.2021

Беларусь пен Польша шекарасындағы жағдай әлі де тынышталар емес. Түнде 2 мигрант тобы шекарадағы темір бөгетті бұзып, поляк жеріне өткен. Польша қауіпсіздік күштері олардың бір тобын қолға түсіріп кері қайтарған. Варшава қалыптасқан қазіргі жағдай Минскінің арандатушылығынан десе, Беларусь билігі шиленіске Польша жауапты деп отыр. 

Қазір шекарадан 2-3 метрдей жерде мигранттар  жүздеген шатыр тігіп жайғасқан. Суық күнде жылыну үшін келімсектер жақын маңдағы орманды отап от жаққан. Бірақ Беларусь сақшылары келімсектерді бұл үшін жазалап  жатқан жоқ. Тіпті бастапқыда белгісіз адамдар мигранттар керуенін поляк шекарасына дейін бағыттап алып жүрген.

Түн ауа мигранттар лагеріне жету қиын. Шекараға қарай бет алған көліктердің бәрі тексеріледі. Бұқаралық ақпарат құралдары бірден кері қайтарылады. Босқындар лагерін әскерилерге ұқсас адамдар қоршауға алған. Олар кімдер екені де белгісіз. Бірақ арнайы киім киген адамдар күндіз автобустармен мигранттарды шекараға қарай әкелген. Босықндардың айтуынша олар мигранттарды 50 доллар 2 құты суға жеткізеді. Бірақ келімсектер жағдайды ашық айтуға қорқады.

Адель, сириялық мигрант:

- Біз Сириядан отбасымызбен ұшып келдік. Минскте 2 күн болдық. Содан кейін автобуспен осында жеттік. Мен олардың кім екенін білмеймін. Мақсатымыз Германияға жету. Лагерьде жағдай қиын күн суық. азық-түлік те тапшы

Болжамға қарағанда мигранттардың жиналатын орны Минскідегі ірі  даңғылдың бірінде орнаасқан. Сонда шатыр тігіліп, жиналған жұртты белгісіз бағытқа әкетеді. Ал олардың орнына басқалары келеді.

Иван Кубраков, Беларусь ішкі істер министрі:

- Шекарадағы ахуал тұрақсыз деп айтқым келмейді. Беларусь аумағына келетін болсақ мигранттардың жүріс-тұрысына қатысты мәселе жоқ. иә қазір босқындар қарасы көбейді. бірақ біз қонақжай мемлекет ретінде оларды қабылдауға дайынбыз.

Еуроодақ пен АҚШ шекарадағы ахуалды реттеуге шақырып отыр. Ватикан да мигранттардың тағдыры үшін алаңдаушылық білдірді. Ресми Минск болса қазіргі жағдай Польшаның арандатушылығынан туындап отыр дейді. Ал белаурс шекарасында келімсектер қарасы көбеюде. Поляк тарапы шекараға сарбаздарын шоғырландырып жатыр. Вильнюс те осындай шаралар қабылдап, аймақта төтенше жағдай режимін жариялаған. Өйткені өткен түні Литваға қарай мыңға жуық мигрант бет алған деген ақпар бар. 

Дмитрий Лукша, Александр Саев, Павел Машницкий

Хабар 24 телеарнасы